Ақмола облысында жолда қалған өзбекстандықтар құтқарылды
Полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан – Петропавл жолында бұзылып қалған автобус жүргізушілеріне бес күн бойы көмек көрсеткен
Ақмола облысында полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан – Петропавл жолында бұзылып қалған автобус жүргізушілеріне бес күн бойы көмек көрсеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, патрульдік полиция батальонының 2 взводының экипажы, полиция старшинасы Игорь Макаров пен полицияның аға сержанты Думан Әлменбаев түнгі ауысымға шыққан кезінде Нұр-Сұлтан – Петропавл тас жолының бойында тоқтап тұрған Vanhoo жолаушылар автобусын көреді. Автобустың қозғалтқыш тетігі істен шыққан екен.
«Автобуста Өзбекстан Республикасының 15 азаматы болды. Көлік Екатеринбор – Тараз бағыты бойынша жүріп келе жатқан. 26 қарашада жолдың 243 шақырымында автобустың қозғалтқыш тетігі істен шығып, тоқтауға мәжбүр болған. Тәртіп сақшылары жолаушыларды өтіп бара жатқан көліктерге отырғызып жіберді. Ал өздері сынған автобусті жөндегенше бес күн бойы жүргізушілерге көмек көрсетті», – дейді ПД баспасөз қызметінен.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қиын жағдайға тап болған кезде көмек қолын созған тәртіп сақшыларына автобус жүргізушілері мен жолаушылары шынайы алғыстарын білдірген.