$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.02.2021, 12:52
Қоғам

«Полицияда пәрмен болғанмен, дәрмен жоқ». Депутаттар ШҚО-дағы барымташылық мәселесін көтерді

Былтыр Қазақстанда мал ұрлығына 600-ге жуық әйел қатысқан

«Полицияда пәрмен болғанмен, дәрмен жоқ». Депутаттар ШҚО-дағы барымташылық мәселесін көтерді
көрнекі сурет

Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім, Ұлан, Қатонқарағай аудандарында былтырдан бері жылқы үйірімен, сиыр табынымен, қой қорасымен жоғалып жатыр. Ұрыларды ұстау бойынша полицияда пәрмен болғанмен, дәрмен жоқ. Мәжіліс депутаттары барымташылыққа қатысты заңды қатайтуды сұрайды.

«Өткен жазда Ұлан ауданы Ақтас қыстағындағы Ержан Сәбитов деген азаматтың отбасылық шаруашылығынан бір қора қойдың жартысы және 26 бас жылқысы қолды болды. Күзге қарай бір түнде 11 бас сиыры ұрланған. Ұрының ізін кесіп жүргенде, қысқа деп әзірлеген 400 орам шөбін белгісіз біреулер өртеп кеткен. Мал иелері күдіктілерді полицияға көрсеткенмен, одан нәтиже жоғын айтады. Ал, облыстық Полиция департаментіндегілер аймақтағы мал ұрлығы 2019 жылға қарағанда 12 пайызға азайғанын, 114 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғағанын, ірілі-ұсақты 400 бас мал иелеріне қайтарылғанын айтады. Алайда, ауыл жұрты полицияның жұмысына қанағаттанбайды», - деді депутат Ғазиз Құлахметов.

2020 жылы мал ұрлау ісі бойынша 2 849 заң бұзу дерегі тіркелген. Депутаттың дегенінше, мұндай қылмысқа 592 әйелдің қатысы бар болып шыққан.

«Айтып отырғанымыз - үлкен проблеманың тек бір өңірдегі шағын көрінісі. Бұл ретте тағы да бір өзекті мәселенің ұшы шығып тұр. Шығыстағы Қатонқарағай ауданында 2 ветеринарлық зертхананың жабылғанына 2 жылдан асты. Сол мезгілден бері аудан халқы мал мен маралды, омарташылардың өнімін еш зертханалық сараптамасыз Қатонқарағай ауылы мен аудан орталығындағы Үлкен Нарындағы мектеп, балабақша, асхана, дәмхана, тойханаға тікелей өткізе береді. Оны шаруалардың өздері де ашық айтып отыр. Қатон мен Үлкен Нарындағы жаңа ветеринарлық зертхана құрылысы 2013 жылы басталған. Ол үшін республика қазынасынан 125 миллион теңге бөлінген. Алайда, ол қаржы жемқорлардың жемсауына түсіп, басталған іс 8 жыл аяқсыз тұр», - дейді депутат.

Оқи отырыңыз: ШҚО-да ешбір тексерістен өтпеген мал еті базарларда сатылып жатыр

Осы ретте, бір топ Мәжіліс депутаты Премьер-министр Асқар Маминнің атына сауал жолдады. Олар мәселені реттеу үшін мына тәсілдерді ұсынды:

  • Мал ұрлығы болған өңірдің ауыл, аудан полиция басшыларының қызметтік жауапкершілігін арттыруды ойластыру керек;
  • Сол негізде ауыл, аудан әкімдерінің де қызметтік жауапкершілігін арттырып, қызметтерін бағалаудың жаңа индикаторын енгізу қажет;
  • Ветеринарлық зертханалардың жұмысын жандандыру ісін жеделдету маңызды;
  • Төрт-түлікті сату-сатып алу дерегі жүргізілетін электрондық-ақпараттық база әзірлеу керек;
  • Асыл тұқымды малды ұрлау жазасын қаталдатып, жазаның қосымша түрлерін қабылдау керек.
Серіктес жаңалықтары