$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.02.2021, 16:22
Қоғам

Халық туризмнің пайдасын көре алмай келеді – Жалаңаш әкімі

Алматы облысының ең шұрайлы жерлерінде туристік инфрақұрылым әлі дамымаған

Халық туризмнің пайдасын көре алмай келеді – Жалаңаш әкімі

Алматы облысында тұрғындар туристік орындардың қызығын толық көре алмай келеді. Жердегі жұмақ саналатын Көлсай, Қайыңды көлдері, Хан-Тәңірі, Қарқара жайлауы, орта Меркі, шет Меркі сынды көздің жауын алатын көрікті жерлер өте көп. Әсіресе Кеген ауданы туризмді дамытуға таптырмайтын жер. Мұнда сарқырап аққан өзен мен сылдыраған бұлақ суы, тік қарағайлы орман, тәкаппар таулар мен тұнық көлдер кез-келгеннің көз жауын алады. Алайда, туризмнен аудандағы Саты, Қарабұлақ, Күрметі ауылдары ғана пайда көріп отыр. Қалған 16 ауылдың халқы қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Себебі мұнда туристік инфрақұрылым мүлде дамымаған.

ТУРИЗМ АРҚЫЛЫ 50 МЫҢ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА БОЛАДЫ

Күнгей Алатауының табиғатына тамсанған туристер ағыны пандемия кезінде күрт көбейген. Саяхатшылар көбіне Көлсай мен Қайыңдыға қарай бет бұрады. Бірақ Жалаңаш ауылының жоғарғы жағында атақты орта Меркі, шет Меркі тұр. Бұдан бөлек, ауасы таза, суы ем, демалыс орындарын салуға ыңғайлы, туристік кластердің біріне айналдыруға болатын Жайдақбұлақ жайлаулы жатыр. Таудың төбесінде «Жүзкөл» тағы бар. Шыбышты, Жылысай ауылдарының маңындағы Бөстөбе су қоймасының көркі де өзгеше. Сұлулыққа толы мұндай жерлер Кегеннің күнгейінде көп. Бірақ қарағайы қаптаған ғажайып жерлер Іле Алатауы Ұлттық табиғи паркінің территориясына кірмегендіктен, арнайы бағдарлама болмағандықтан, тек жабайы туризмнің деңгейінде қалып отыр.

«Саты, Қарабұлақ, Күрметі ауылының аумақтары Ұлттық паркке кіреді. Бұл аумақ бұрын орман шаруашылғы жерлерінен алынған. Ары қарай Ақай Нүсіпбеков, Жалаңаш, Тоғызбұлақ, Кеңсу, Жайдақбұлақ, Шыбышты, Шырғанақ, Бөлексаз ауылдары мен Қарқара жайлауы, Ұзынбұлақ, Жылысай және Алғабас пен Жіңішке ауылдары орналасқан. Міне, бұлардың бәрі орманның ішіндегі туристік аймақтарға жатады. Орман шаруашылығының жерлерінде орналасқан бұл ауылдарды да Ұлттық парктің аумағына кіргізіп, жаңа статус беру керек. Сол кезде ғана бұл ауылдардың әл-ауқаты көтеріліп, өлкедегі туризм дамиды. Алғабастағы Жіңішке өзені де жабайы туризмге айналған. Орта Меркі пен шет Меркіні де солай ластап кетеді. Орман шаруашылығының аумағында туризмді дамытуға заң рұқсат бермейді. Ол үшін аумақты Ұлттық парктің жеріне өткізу қажет те, бағдарламалар қабылдау керек. Бұрын реттелмеген Көлсай көлінде туризм осы Ұлттық парктер арқылы дамып келеді. Мемлекетке де, халыққа да пайдалы», - деді Жалаңаш ауылдық округінің әкімі Әміржан Малыбеков.

Ауданда 19 ауылдық округ бар болғанмен туризмнің қызығын үш-төрт ауыл ғана көріп келеді. Таулы өлкенің туристік тартымдылығын арттырса тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған тұрғындарға да қырауар пайда. Алдымен агротуризм алға жылжиды. Бөктерде бөлек-бөлек бұйығы күн кешіп жатқан бұқарада туристік тауар көп. Тек жұмбаққа толы өлкенің жұрт білмейтін жерлерін жарнамалап, тұрақтайтын жай мен жүрер жолды жөндесе жеткілікті. Ары қарай жергілікті ел қызметтің түрін өздері де меңгеріп кетеді.

«Біз бұл мәселені 2015-16 жылдары Мәжіліске дейін көтердік. Ол кезде он шақты депутат қолдаған еді. Премьер-министрдің мақұлдауын алсақ та белгісіз себептермен бұл бастама тоқтап қалып, әлгі әсем табиғатқа толы өңірдегі туризм бүгінгі күнге дейін дамымай қалды. Егер бұл бастама жүзеге асса кемі 16 ауылдың әл-ауқатын көтеріп, туристер саны да, тұрғындар мен ауданның табысы да артар еді. Арнайы бағдаралма қабыланса өңірдегі туризм саласына 50 мыңға дейін адам тартылар еді. Тым болмағанда таза экологиялық тамақтарды, етін, сүтін, майы мен құртын сатар еді», - деді әкім Әміржан Байниетұлы.

Қазір Бөлексаз бен Шырғанақ ауылдарының арасындағы «Мұзтау» туристер арасында кең танымал. Аудан басшыларының айтуынша, оны арнайы көруге апта сайын мыңдаған адам ағылып келеді. 200 метр тереңдіктен атқылаған су 14 метр биіктікке дейін қатып, аппақ қар жамылған жазық далада айсберг сынды көрінеді. Құбыр арқылы көкке атқылаған су жеке шаруашылыққа тиесілі. Бірақ мұнда ағылған туристер ауқаттанатын да, қонатын да орын жоқ. Яғни, ауыл адамдары аңызға айналған «айсберг» арқылы пайда таппайды. Тек тай мініп, тапырақтаған балалар ғана туристерден тиын-тебен табуға тырысады.

«ЖЕРГІЛІКТІ ТУРИСТЕРДІҢ МӘДЕНИЕТІ ТӨМЕН»

Туризмнен теңге табуды тәуір меңгерген Жанар есімді кәсіпкер шетелдік саяхатшыларға да таныс. Ол төрт жыл жинаған ақшасына Саты ауылынан бір жазда қонақ үй салып алған. Тәулігіне 24 турист тұрақтап, түстене алады. Айтуынша, абысыны да осы бизнесте. Шекара жабылғанға дейін жер жаһаннан жеткен туристердің тоқтайтын тұрағы болған. Үш уақыт тамағын ұсына отырып бір туристі түнетуге тәулігіне 12-15 мың теңге алады. Балалары да шетелдіктерді таңғалдыратын қойылымдарды көрсетеді. Карантин алыстан келетін қонақтарды тоқтатқандықтан, қазір отандастарына қызмет көрсетеді. Бірақ ішкі мәдениеті төмен, төлеген теңгесін міндет қылған қазақстандықтар кеткенше әбігерге салады екен. Қажыса да қызметін адал атқаруға тырысатын Жанар, болашақта шетел азаматтарымен тығыз жұмыс істеу үшін ағылшын тілін үйреніп жатыр.


Жанар Жұматаева

«Шетелдіктерге ұлттық тағамдарды ұсынамыз, кейде олар оны бізбен бірге жасап, қызықтайды. Ұлттық ойындарды ойнатамыз, ұлттық киімдерімізбен қарсы аламыз. Турфирмалармен тығыз жұмыс істейміз. Бес материктен де туристер келді. Соның арқасында шетелдік жарнамаларға да шықтық. Екі жыл бұрын осы қонақ үйді тұрғыздық. Жаз маусымында бос бөлме болмайды, алдын ала броньдап қояды.

Біз шетелдіктер арқылы көп нәрсе үйрендік. Алдымен ақша табуды, қызмет сапасын арттыруды, көптеген ұлттың мәдениетін көрдік. Әр ұлттың өзіне қарай икемделіп жұмыс істеуді үйрендік. Бұрын 90-95% шетелдік туристерді қабылдасақ, карантиннен бері тек ішкі туристерді қабылдап жатырмыз. Айтсам ренжімесін, бізде демалу мәдениеті өте төмен. Шетеліктермен салыстырғанда жер мен көктей. Ішкі туристер өте қиын, ауылға келе жатқанын біле тұра, өздері де ауылдан шыққан адамдар бола тұра, ерсі әрекеттер жасайды. Ақшасын төледім деп міндетсінеді, «бағаны төмендет, таныстарымды шақырам, келесі жолы тағы келеміз» деп саудаласады. Ауылдың адамдарымыз ғой, сырт бейнемізге қарап, «сен расымен де осы үйдің иесісің бе?», «тау мен су ғана екен ғой, сол үшін келдік пе?» деген менсінбеушілік пен ойдың таяздығын көрсетеді.  Жастарда туризм мәдениеті жоғары, қарасаң да, сөйлессең де көзің, көңілің тояды. Ересектердің мәдениеті төмен», - деді «Албан» қонақ үйінің иесі Жанар Жұматаева.

ТУРИСТЕР БИЫЛДАН БАСТАП ЫСТЫҚКӨЛГЕ КЕГЕН АРҚЫЛЫ БАРА АЛАДЫ

Көрікті өлкенің туристік тартымдылығын арттыру үшін жұмыстар көктемде қайта басталмақ. Сапа мен сан инфрақұрылымға тәуелді. Ауданның аумағында республикалық маңызы бар 230 шақырым жол болса, жартысынан көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Қайыңдыға баратын 12 шақырым жол 2022 жылы қолданысқа бір-ақ беріледі. Қия жартасты қиып, көпір мен жол салуға 2,2 миллиард теңге жұмсалмақ.

Биыл жазда Ыстықкөлге Кеген арқылы өтетін жол ашылады. Қарқара жайлауындағы 19 шақырымдық жолға асфальт төселген соң туристер қырғызға Қордай арқылы емес, Кеген жолымен де жүреді. Жолаушылар жолай Мыңжылқы жайлауы мен Хантәңірі альпинситік лагерінде де демала алады. Мыңжылқы асуына дейінгі 12 шақырым жол жөнделген. Шекарадан ары қарай Ыстықкөлге дейін 90 шақырым.

«Халықтың әл-ауқатын арттыруға бірқатар шара қабылданды. Өткен жылы экономикалық көрсеткіште оң динамика байқалды. Былтыр пандемияға қарамастан 83 мың турист келіп, 12,5 миллион теңгеге ақылы туристік қызметтер көрсетілді. Бюджетке 20,3 млн теңге салық түсті. Биыл жыл басынан бері 3 500 туристке ақылы қызмет көрсетілді. Биыл туризмді дамыту мақсатында 6 ірі жоба іске асырылады. Қонақтарды қабылдайтын 4 үлкен кешен, 1 «Теміртау» эко-ауылы, 1 панто-сауықтыру орталығы ашылмақ. Негізгі мақсатымыз – жергілікті жерлерге инвестиция тарта отырып, туризмді дамыту. Республикалық маңызы бар жолдардың 25 шақыырмын жөндеуге қаржы бөлінді», - деді Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Талғат Бейедилов.


Талғат Байедилов

Солтүстік Тянь-Шанның інжу-маржаны саналатын Кегеннің таулары қайталанбас пейзажға толы болғандықтан бұл жаққа қарай жүйткіген көлік көп. Есесіне демалушыларға қонақ үй мен өзге де қызмет түрлері жетіспейді. Бір жылда туристерден түскен қаржы 20,3 миллион теңге ғана. Енді туризмнен түсетін табысты арттыру үшін 1 млрд 860 млн теңгенің жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары