«Парламенттегілер зейнет жасын төмендетуді мақұлдаған»: Қазнетте тағы бір ақпарат тарады
Желіде тараған ақпарат - жалған
Қазнетте жақын арада елімізде зейнетақы жасы төмендейтіні жайлы тағы ақпарат тарады. Хабарламада тиісті заң жобасын 5 ақпанда парламентегілер екінші оқылымда мақұлдағаны айтылған. Бұл – фейк.
YouTube желісіндегі «Политические будни» арнасында жарияланған видеода Қазақстанда зейнетақы жасын төмендету туралы айтылады. Автордың мәлімдеуінше, 2021 жылдың 1 наурызынан бастап ер адамдар 60 жаста, әйелдер 55 жаста, ал бес және одан көп баласы бар аналар 52 жаста зейнетке шығады.
StopFake порталының хабарлауынша, ҚР Парламентінің ресми сайтында мұндай заң жобасын бекіту туралы ақпарат жоқ.
Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде зейнет жасының төмендеуі туралы ақпаратты бірнеше рет теріске шығарған болатын.
«Қазақстанда белгіленген зейнеткерлік жас халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижелері мен ұзақ мерзімді болжамдарға негізделген. Қазақстандағы зейнетақы жасы халықаралық тәжірибеге, әлемдегі экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жасын өзгерту туралы мәселе қаралмайды», – деп хабарлады 27 қаңтарда министрліктің баспасөз хатшысы Александр Кононец.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер 63 жаста, әйелдер 60 жаста құрметті демалысқа шығады. Бұл ретте әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жылдың ішінде жыл сайын 6 айға артып отырады.