ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 857 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Тоқаев мерзімді әскери қызметке шақыру туралы кезекті жарлыққа қол қойды

Осы жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі

Фото: akorda.kz

ҚР Президенті әскери қызметшілерді запасқа шығару және ҚР азаматтарын 2021 жылдың наурыз–шілдесінде және қыркүйек–желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды.

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы заңның 31-бабына сәйкес:

Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2021 жылдың наурыз – шілдесінде және қыркүйек – желтоқсанында ҚР Қарулы күштері, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын.

Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2021 жылдың наурыз – шілдесінде және қыркүйек – желтоқсанында ҚР Қарулы күштеріне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын.

Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2021 жылдың наурыз – шілдесінде және қыркүйек – желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін.

Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін ҚР Қарулы күштеріне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылған ҚР азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастырсын.