Шымкент билігі жер учаскелерін сатып алуға 12 млрд теңге қаржы жұмсамақ
Былтыр әкімдік бұл бағытқа қазынадан 3,7 млрд теңге бөлген
Шымкент билігі биыл мемлекет мұқтаждығы үшін қажетті жер учаскелерін сатып алуға бюджеттен 12 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Былтыр әкімдік бұл бағытқа қазынадан 3,7 млрд теңге бөлген. Сөйтіп, 2020 жылы 453 жер телімін сатып алған. Ал осы жылы 48 нысан орналасқан жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр. Ол жерге жоспар бойынша жол салынады. Атап айтқанда, қаладағы Қонаев көшесінің 2-3 кезеңдері жүзеге асады.
Одан бөлек, сатып алынған жер телімдеріне мектептер, магистралдық және ішкі инженерлік жүйелер жүргізіледі деп жоспарланған. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде билік ұсынған бағамен келіспей, сотқа шағым түсіргендер жоқ.
«Жер учаскелерінің үстіндегі құрылыстармен бағалау сомасы былтырғыға қарағанда аздап жоғары болады. Себебі, Қонаев көшесінің 2-3 кезеңі салынатын жерде көп үй шоғырланған. Олардың жерлеріне және үстіндегі құрылысына өтемақы нарықтық құнмен өтеп беріледі», - деді қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гауһар Әшенова.