Қазақстандықтардың шотына 112,3 млрд теңге аударылды - БЖЗҚ
Уәкілетті операторлардан келіп түскен 20 252 өтінім орындалған
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін өтінім берген қазақстандықтардың шотына 112,3 млрд теңгеден астам қаржы аударды.
БЖЗҚ ақпаратына сәйкес, 1 және 2 ақпанда, яғни бірыңғай зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың алғашқы екі күнінде БЖЗҚ қазақстандықтардың уәкілетті операторларда ашылған арнайы шотына 112,3 миллиард теңгеден астам қаржы аударды.
«Отбасы банк» және Halyk bank уәкілетті операторларынан бір реттік зейнетақы төлемін алу бойынша келіп түскен 20 252 өтінім орындалған.
Еске салайық, зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алу, сондай-ақ ақшаны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кері қайтару туралы ҚР Үкіметінің қағидалары 2021 жылғы 30 қаңтарда күшіне енді.
Қағидаларға сәйкес, жинақтарды қазақстандықтардың арнайы шотына аудару БЖЗҚ-ға салымшыдан өтініш келіп түскеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
«Азаматтардың өтінім беруге және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселелерін уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді», - деп нақтылады БЖЗҚ-дан.