Зейнетақы жинағын алғандар үшін үй бағасы қымбат болмайды – Отбасы банк
«Отбасы банк» құрылыс компанияларымен ұзақмерзімді келісімшарт жасайды
Біржолғы зейнетақы төлемін алу жүйесі іске қосылғалы нарықта үйдің бағасы күрт өсуі мүмкін деген қауіп туды. Алайда «Отбасы банк» төрайымы мұндайға жол бермеудің амалын қарастырылып жатқанын айтты.
Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бүгінде шаршы метрдің ең арзан бағасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлерге тиесілі екенін айтты. Мәселен, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында үйлердің бір шаршы метрі 220-240 мың теңгені құраса, өңірлерде 160-180 мың теңгеге бағаланады. Алайда, бұл санаттағы адамдар біржолғы зейнетақы төлемін алуға мүмкіндігі бар азаматтардың қатарына кірмеуі мүмкін. Ал жалақысы жоғары және қордағы қаражатын алуға мүмкіндігі бар тұлғаларға банк арнайы жоба дайындау үстінде.
«Қазір бізде үш Off-take Contract әзірленіп жатыр. Ол Алматы қаласындағы екі құрылыс жобасын қамтиды. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы үй құрылысымен айналысатын компаниямен де ұзақмерзімді келісімшарт жасаймыз. Алдағы уақытта 2022-2024 жылдарға арналған құрылыс жобалары туралы айтатын боламыз. Ол үйлердің бір шаршы метрі 300-320 теңгені құрамақ», - деді Ләззат Ибрагимова.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан