$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.01.2021, 12:50
Қоғам

Соғыс ардагерлерінің қажетті ем ала алмай жүргеніне 11 жыл болды – депутаттық сауал

2010 жылы жер сілкінісінен соң Алматыдағы ардагерлер ем алатын госпиталь қирады

Соғыс ардагерлерінің қажетті ем ала алмай жүргеніне 11 жыл болды – депутаттық сауал
көрнекі фото

Алматы қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің республикалық клиникалық госпиталінің екінші корпусы «апатты» деп танылғанына 11 жыл толған. Мәжіліс депутаттары оны қалпына келтіру мәселесін 7 жыл бойы қозғап келеді.

Бүгін осы мәселеге қатысты депутат Арман Қожахметов Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға депутаттық сауал жолдады.

«Госпитальдің жоғарғы бөлігі (Алматы, Ладущкин к-сі, 120А) 2010 жылдың 2 наурызында болған жер сілкінісі салдарынан апатты деп танылып, пайдалануға тыйым салынды. Нәтижесінде 2010 жылдан бастап төсек-орын қоры 90 орынға азайды. Аталған емдеу орнында орын жеткіліксіз болғандықтан, ардагерлердің дер кезінде қажетті ем алуға мүмкіндігі жоқ», - деді Арман Қожахметов.

Бұл емдеу орталығында Ұлы Отан соғысының ардагерлері (мүгедектер мен қатысушылар – ред.), Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатын залалсыздандыруға атсалысқандар, қызмет бабында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мүшелері, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары диспансерлік бақылауда болып, оңалтудан өтуі қажет.

«4 жылдан астам уақыт ішінде аурухананы бұзу және жаңа ғимарат салу мәселесі шешілді. 2019 жылы депутаттардың көптеген хаттынан соң госпиталь корпусының жоғарғы бөлігінің құрылысын жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға қажетті қаражат бөлінді. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу 2020 жылғы маусымда аяқталуы тиіс еді. Алайда, құжаттама жасалмады, аурухана құрылысы басталған жоқ», - деді депутат.

Айта кетерлігі, елімізде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Отан соғысы мүгедектеріне арналған (1943 жылы құрылған) екі мамандандырылған госпиталь жұмыс істейді, олардың жалпы қоры - 260 төсек.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары