$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.01.2021, 18:24
Қоғам

Атырау облысында бірнеше тұрғын әкімдік берген үйден бас тартты

Тұрғындардың наразылығынан кейін аудандық әкімдік пәтерлерді қайта жөндеген

Атырау облысында бірнеше тұрғын әкімдік берген үйден бас тартты
фото: azh.kz

Былтыр қарашада Атырау облысы Махамбет ауданы Сарайшық ауылында аз қамтылған көп балалы 8 отбасыға салтанатты түрде 8 пәтерлі үйдің кілтін табыстаған еді. Алайда тұрғындар кілтті кері тапсыруға мәжбүр болды, деп хабарлайды azh.kz.

Ауылдағы екі қабатты ғимарат 1971 жылы училище оқушыларына арналған жатақхана ретінде салынған, кейін оны жергілікті әкімдік балабақша қылуды жоспарлаған. Бірақ түрлі себеппен бұл жоспарлары іске аспай, бірнеше жыл иесіз қалған.

«Біздің ақпаратымыз бойынша, бұдан екі жыл бұрын ғимарат аукционға қойылып, сатылған. Кейін бұл ғимаратты жеке кәсіпкерлердің бірі күрделі жөндеуден өткізіп, 76 шаршы метрден 3 бөлмелі сегіз пәтер жасаған. Аудандық әкімдік бұл пәтердің әрқайсысын 10 млн теңгеден (барлығы 80 млн теңге) сатып алып, көпбалалы отбасыларға жалға берген (төлемақысы айына 6 мың теңге)», - делінген басылым жариялаған ақпаратта.

Алайда, бірнеше жылдан бері үй кезегінде тұрған тұрғындар бұл пәтерден бас тарта бастады.

«Бізге көп балалы отбасы ретінде осы үйдің бір пәтерінің кілтін берген. Басында мәз болып алдық, кейін қуанышымыз су сепкендей басылды. Пәтер салқын болды. Терезелерінің айналасы алқа-салқа ашылып жатыр, екі бөлменің есігі дұрыс орналастырылмаған, кезек-кезек ашуға тура келеді. Қабырғалары қиқа-жиқа, залда бір батарея, жылытпайды. Біз айқай-шу шығарғасын үйді мердігер жөндеген болды. Сосын бұл пәтерді тапсырып тастадым», - дейді Жансая Шакимова.

Айнагүл Имашева да бұл үйден не үшін бас тартқанын түсіндірді.

«Мен де бұл баспанадан бас тарттым. Пәтер ішінің жөндеуін қалай болса солай жасаған. Ең қауіптісі - газ. Әр пәтерде дербес жылуы болғанымен, газды көбейтсек, қолқаны қабатын иіс шығады. Балаларым үшін қорықтым, уланып қалса қайтемін. Сол үшін бас тарттым. Сатушы бұл үйде әлі жүз жыл тұруға болады дейді. Олай болуы екіталай. Ауылдан 4-6 млн теңге тұратын жер үйлер бар, одан да соларды сатып алып берсін», - дейді ол.

Тұрғындардың наразылығынан кейін аудандық әкімдік пәтерлерді қайта жөндеген. Қосымша жылу батареяларын көбейтіп, жуыну бөлмесі мен ас үйдің қабырғасына бірнеше кафель плитасын жапсырған. Бірақ бұл да қоныстанушылардың көңілінен шықпаған.

«Сарайшық ауылынан сегіз отбасыға мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанамен қамту үшін конкурс жарияланып, бюджеттен 80 млн теңге бөлінді. Бағалаушылар бір пәтерді 12 млн теңге деп белгіледі. Біз ол бағаны конкурс шартына орай 10 млн-ға дейін кеміттік. Қазір төрт адам бұл үйден бас тартып, бізге жер үй қажет деп қолхат берді. Орнына басқа отбасылар орналасуда. Ол үйде кемшіліктер болды, бірақ екі жылға дейін кепілдік мерзімі бар. Қазір мердігер оны қайтадан жөнге келтіруде. Бұдан басқа, тұрғындар бес жылдан кейін баспананы босатуға тура келеді деп алаңдап отыр. Бірақ олай емес, жалға беру келісімшарты бес жыл сайын қайта жасалып отырады», - дейді Махамбет ауданы ТКШ және құрылыс бөлімінің басшысы Нұғыман Пернебеков.

Серіктес жаңалықтары