«200 мыңға егілесің, 500 мыңға көмілесің»: қоғамды алаңдатқан екі сұрақтың жауабы
Отандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтың ІІІ сатысынан өткізіліп жатыр
Қазақстанда 1 ақпаннан бастап ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакцинация басталады. Алайда, жаппай вакцина салу басталмай жатып қоғамда түрлі мәселе бойынша сұрақтар туындады.
Мәселен, отандық Qazcovid-in вакцинасын әзірлеген ғалымдар вакцина салдырғандарға 200 мың теңге беретініні жайында ақпарат тарады. Одан бөлек, қазақстандық вакцинаны сынау барысында ерікті қайтыс болған жағдайда 500 мың теңге (шамамен $1200) мөлшерінде сақтандыру төлемдері төленетіндігі туралы ақпарат тарала бастады.
Тіпті, осы жағдайға байланысты авторы белгілі ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Мерей Қарт деп көрсетілген «200 мыңға егілесің, 500 мыңға көмілесің» деген тіркес ауыздан-ауызға тарады.
Осы ретте, Azattyq Rýhy тілшісі тиіс ведомстволардан жаппай вакцинациялау қарсаңында не себепті мұндай мәселелер туындағанын түсіндіріп беруін сұрады. .
«Қазақстанда адам өмірі 500 мың теңгеге ғана бағалана ма?» деген сауалға Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов былай жауап берді.
«Қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулері Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес жүргізіледі, онда клиникалық зерттеулердің барлық қатысушылары сақтандыру жағдайы туындаған жағдайда, сақтандыру компанияларының ережелері мен нормалары бойынша және ерікті сақтандыру шартына сәйкес сақтандырылған. Бұл ретте сақтандыру төлемдерінің сомасы және сақтандыру шарттары – жабық сипаттағы ақпарат», - делінген жауабында.
Айта кетейік, коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны әзірлеушісі – БҒМ Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК.
Сұраққа нақты жауап берілмегенімен, бір қуантарлық жағдайды хабарлаймыз.
«Ұзақ және клиникалық зерттеулердің 1-2 фазасының нәтижесі және зерттеулердің 3 фазасының алдын ала нәтижесі вакцина қауіпсіздігін және 18+ жас санаты үшін жағымсыз құбылыстардың болмауын көрсетеді», - делінген вице-министр жауабында.
Сондай-ақ аталған мәселеге қатысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың да ресми жауабын алдық.
«Мемлекет тарапынан коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация осы ауру бойынша жоғары тәуекел тобына кіретін адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жүргізіледі», - делінген жауапта.
Еске сала кетейік, бұған дейін отандық Qazcovid-in вакцинасын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзіне сынап көрді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақстандық вакцинаны салдыратынын айтты.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан