ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 2000-нан астам адамнан вирус анықталды

Зейнетақы жинақтарын алуға өтінімдер қабылдайтын сайттың атауы хабарланды

Сайт 23 қаңтар сағат 09:00-ден бастап жұмыс істейді

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова қазақстандықтар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін сайтта 23 қаңтардан бастап өтінім бере алатынын айтты. Сондай-ақ банк төрағасы өтініш беретін сайттың атын жариялады.

«БЖЗҚ-мен бірлесіп enpf-otbasy.kz сайтын жасап шықтық. Бұл жоба үшін 2020 жылы екі мекеме көп жұмыс атқарды, сол себепті сайт доменінің атауына екі ұйымның атын беруді жөн деп таптық», - деді ол.

Еске сала кетейік, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін өтініш беретін бірыңғай палтформа 23 қаңтар сағат 09:00-ден бастап жұмыс істейді.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін мынадай мақсаттарға пайдалануға жол беріледі:

  • 1. Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мәмілені қаржыландыруы шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеу. Сіз кез келген банктен немесе ипотекалық компаниядан алынған тұрғын үйдің немесе банктің бір несиелік келісімшарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып тұрғын үй алу қарыздары бойынша берешегіңізді ішінара немесе толық өтей аласыз. Сондай-ақ, сіз тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жеке тұрғын үй немесе жеке қосалқы шаруашылық салу үшін жер телімін алуды қоса алғандағы несиені төлей аласыз.
  • 2. Ипотекасыз тұрғын үй алу (толық өтеу). Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықта, сондай-ақ салынып жатқан нысандардан ҚР заңнамасына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы кепілдігі бар, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбастау шарттары бойынша көп пәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы келісімшарт арқылы сатып алуға болады. Осы мақсатта тұрғын үйді зейнетақы жинақтары есебінен де, зейнетақы мен жеке қаражат есебінен де сатып алуға болады.
  • 3. Отбасы банкінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй займын алу. Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Сондай-ақ, банктің бір несие шарты шеңберінде жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға болады (жеке тұрғын үй салу немесе жеке қосалқы шаруашылық салу мақсаттарымен жер учаскесін қоса алғанда).
  • 4. Ипотекалық несие алу үшін бастапқы жарна төлеу (оның ішінде ислам банкі қаржыландыру шеңберінде). Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан алуға болады. Сондай-ақ, банктің бір несие шарты аясында сіз жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып ала аласыз.
  • 5. Тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу.
  • 6. Жеке тұрғын үй құрылысы (жер учаскесін алуды қоса есептегенде). Сіз зейнетақы жинақтары есебінен немесе зейнетақы жинақтары және өз қаражатыңыз есебінен жеке тұрғын үй салуыңызға болады (жеке тұрғын үй салу немесе жеке қосалқы шаруашылық салу мақсаттарымен жер учаскесін қоса алғанда).
  • 7. Ипотекалық тұрғын үй заемын қайта қаржыландыру. Басқа банктерден тұрғын үй сатып алуға (жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде), жеке тұрғын үй құрылысына (жер учаскесін қоса есептегенде) арналған ипотекалық несиелерді «Отбасы банкінде» қайта қаржыландыруға болады.