Қазақстанда салынатын КВИ-ге қарсы вакцинаға күмәнмен қарайтындар бар
1 ақпаннан бастап елде ерікті түрде жаппай вакцинациялау жүреді
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 1 ақпаннан бастап салына бастайды. Ел Үкіметі вакцинаның 2 түрін ұсынды: ресейлік «Спутник-V» 2021 жылдың ақпанында, ал отандық QazCOVID-in наурыз айынан бастап салынады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыл соңына дейін 6 млн адам егіледі деді.
2020 жылдың тамыз айында Қазақстан билігі Ресейдің тікелей инвестициялар қорымен (РФПИ) келісімге қол қойды. Қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен Қазақстан аумағында ресейлік «Спутник-V» препаратын өндіретін зауыт салу туралы келісті. Ол үшін 2020 жылдың желтоқсанында Қарағанды фармацевтикалық кешенінде вакцина өндіру желісі ашылды. Ақпан айында алғашқы 80 мың доза өндіріледі деп күтіледі. Жоспар бойынша, наурызда тағы 150 мың, содан кейін айына 600 мың доза шығарылмақ.
Отандық ғалымдар әзірлеген QazCOVID-in вакцинасы зерттеудің III кезеңі аясында 3 мың ерікті сынаққа қатысты. Жамбыл облысында биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) сынамалар сәтті өтіп жатқанын хабарлап отыр. Қордай ауданында салынып жатқан «қуаттылығы 60 миллион доза» вакцина шығаратын зауыт наурыз айында пайдалануға беріледі. Бұл жобаның құны жеті миллиард теңгені құрайды деп хабарланды.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой америкалық Pfizer компаниясы әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцина 2021 жылдың екінші жартыжылдығында Қазақстанға жететінін айтты.
«ҚАЗАҚСТАНҒА ВАКЦИНАНЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ» – ТӘУЕЛСІЗ МАМАН
Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-белсенді Қайырғали Қонеев Қазақстанға вакцинаның қажеті жоқ деп есептейді.
«Біріншіден, отандық вакцинаға күдікпен қараймын. Себебі, Қазақстанның вакцина шығару тәжірибесі жоқ. Ресейде ғылыми база бар. Бірақ, бұған дейін Ресей шығарған вакциналар еуропалық, тіпті, қытайлық вакциналардан да сапасы төмен болды. Сондықтан, біздің елде ұсынылып жатқан екі вакцинаға да күдікпен қараймын», - дейді Қайырғали Қонеев.
Маманның айтуынша, біздің ел тұрғындарының көпшілігі дерлік коронавирус жұқтырып, ауырып шыққан.
«Егер сіз коронавирус жұқтырып, жазылған болсаңыз, бұл ауруға қарсы иммунитетіңіз бар. Демек, сізге вакцинаның қажеті жоқ. Қазақстанда бейресми статистика бойынша, көпшілік КВИ-мен ауырып шықты. Мәселен, Ж.Бекшин (Алматының бас санитар дәрігері – авт.) алматылықтардың 55 пайызы коронавируспен ауырғанын айтты. Сол себепті, Ресеймен, басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанға вакцинацияның түкке де қажеті жоқ», - дейді ол.
«САНДЖ» СТАТИСТИКАСЫ ДСМ ҰСЫНҒАН МӘЛІМЕТТЕН 27,8 ЕСЕ КӨП
Халықаралық ұйымдармен жұмыс істейтін, Қазақстандағы ірі зерттеу компанияларының бірі – «Сандж» орталығы елде ең алғаш коронавирус тіркелгеннен бастап 9 200-ден астам мүшесі бар 2093 отбасы бойынша сауалнама жүргізген.
«Мәселен, тамыз айында ресми статистика бойынша елде КВИ жұқтырғандардың жалпы саны 106 мыңға жуық деп тіркелді. Біз жүргізген сауалнама негізінде жасалған есепке сәйкес, Қазақстанда наурыз-тамыз айларында шамамен 3 миллион адам (КВИ) ауырған. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінен 27,8 есе көп. Пациенттердің 80%-ында ауру - асимптоматикалық», - делінген зерттеуде.
Зерттеудегі сауалнама нәтижесінде мынандай сандар алынған:
- Диагнозға қарамастан, COVID-19 белгілері бар жағдайлардың жалпы саны: халықтың 19,2% немесе 3,76 миллион адам (2020 жыл);
- Симптоматикалық түрде немесе диагностика құралдарымен жасалған жағдайлардың саны: COVID белгілері бар науқастар халықтың 4,6%-ы, яғни 865 мың адам және «пневмония» диагнозы 715 мың адам, халықтың 8,4%-ы.
- Ковид пен пневмониядан болатын өлім 2,7% деп бағаланды.
Ал ресми статистика бойынша 173 842 адам ауырып жатыр. 2 403 адам қайтыс болды.
Айта кетейік, 1 ақпанда басталатын вакцинациялаудың қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Министр Алексей Цой мұның бәрі өндірілген вакцина мөлшеріне байланысты болады деп түсіндірді. Алайда, ол вакцина өндіретін қазақстандық зауыттардың (Қарағанды фармацевтикалық кешені және Жамбыл облысындағы вакцина шығаратын зауыт) қуаты қажеттілікті өтеу үшін жеткілікті болуы тиіс екенін атап өтті.
АНЫҚТАМА
2020 жылғы 27 қаңтарда Қазақстанда COVID-19 қаупіне реакция ретінде оның таралуына жол бермеу жөніндегі Комиссия құрылды.
3 ақпанда Қытаймен әуе қатынасы жабылды.
13 наурызда билік Еуропадан келген жолаушылар арасында аурудың алғашқы жағдайлары туралы хабарлады.
16 наурызда «төтенше жағдай» жарияланып, 19 наурызда Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылды.
26 наурызда коронавирустың алғашқы өлімі тіркелді.
Ал 11 мамырда төтенше жағдай режимі алынып тасталды, дегенмен дәл осы мамыр айында өндіруші компаниялардың қызметкерлері арасында аурудың өршуі тіркелді (6 мамырда – Қазақмыс, 20 мамырда – Теңізшевройл).
Маусым айында аурудың таралуы күрт өсті. 2019 жылмен салыстырғанда, өлім көрсеткіші төрт есе өсті. Ауруханалар, емханалар мен стационарлар тез толып, көптеген науқастар орын таппады, жедел жәрдем қызметі тәулігіне 30 мыңға дейін қоңырау келіп түскенін айтты. Кейбір пациенттер далада қалғандарын айтып, шағымданды.
5 шілдеде Қазақстанда қатаң екі апталық карантин енгізілді.
29 шілдеде карантиндік шаралар ұзартылды. 26 тамызда карантиндік шаралар қайта жеңілдетілді. Қазіргі таңда Қазақстан коронавирус инфекциясының таралуы бойынша сары аймаққа енді.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан