Қарағанды облысы 2021 жылғы той-думандарға 70 млн жұмсамақ
Ішкі саясат басқармасы бір конкурсқа жалпы құны 70 млн теңге болатын 26 лотты «тығып» қойған
Мемлекеттік сатып алу деген супермаркеттің сөресіне ақырындап 2021 жылдың «тауарлары» шығып жатыр. Аймақ-аймақтағы әкімдіктер мен меморгандар «қағаз, қалам», техника мен бір жыл бойы пайдаланатын қызмет (такси, көлік жалға алу және тағы басқа) түрлерін конкурсқа қаптап жатыр.
Коронавирус пандемиясына байланысты көпшілік жиналатын шаралардың бәрі тоқтап, Қасым-Жомарт Тоқаев бір жарым жылдан бері «қажетсіз шығындарды азайту керек» деген тапсырмасын қайталап жатса да, кейбір әкімдіктер одан сабақ алмаған сияқты. Мысалы, Қарағанды облысының әкімдігі, дәлірек айтсақ, ішкі саясат басқармасы.
Вирус бірде азайып, бірде өршіп, тіпті, бірнеше жаңа штаммы пайда болғанына қарамастан, Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасы 2021 жылы «конференция өткізіп, айтулы даталарды атап өтеміз» деп жоспарлап отыр. Ең қызығы, мемлекеттік сатып алу сайтында облыстың ішкі саясат басқармасы 8 наурызды да, БАҚ қызметкерлеріне арналған конкурсты да, тіпті, ардагерлерге құрмет көрсетуге бағытталған шараны да «2021 жылы ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асыру жөніндегі қызметтер» деген лоттың астарына «тығып қойған».
Ал, кейбір лотқа, мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесуге арналған шараның сипаттамасында «КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯНЫҢ ТАРАЛУЫМЕН ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ НАШАРЛАҒАН ЖӘНЕ ЖОСПАРЛАНҒАН ІС-ШАРАЛАРДЫ ТӘРТІППЕН ӨТКІЗУ МҮМКІН БОЛМАҒАН ЖАҒДАЙДА ТАПСЫРЫС БЕРУШІ ІС-ШАРАНЫҢ ФОРМАТЫН ӨЗГЕРТУ ЖӘНЕ КӨЗДЕЛГЕН СОМАДАН ШЫҒЫСТАРДЫ ҚЫСҚАРТУ ҚҰҚЫҒЫН ӨЗІНЕ ҚАЛДЫРАДЫ» деген хабарландыру беріп отыр. Тура осындай бас әріптермен.
Ұзын сөздің қысқасы, Ішкі саясат басқармасы 20 және 6 лоттан тұратын конкурсқа бас-аяғы 70 млн теңгеден астам қаражат жұмсамақ. Оны біз өзіміз санадық. Себебі, басқарма әрбір лоттың құнын жеке көрсетеді, сонда, бір хабарландыруға бөлінген түгел ақша көрінбейді. Екіншіден, Ішкі саясат басқармасы той-думанды қатты сағынған тәрізді, БАҚ өкілдерін марапаттауға арналған шараға эстрада жұлдыздарын шақыруды талап етіп отыр.
Сонымен, ішкі саясат басқармасының бірқатар лоттарын мазмұндап өтейік. Айтпақшы, лоттарды ұтып алу үшін 2021 жылдың 13-28 қаңтары аралығында өтініш тапсыруға болады.
«Қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті насихаттағаны және дамытқаны үшін этномәдени бірлестіктерге облыс әкімінің премиясын» өткізуге арналған лот, құны – 19,4 млн теңге
Лоттың техникалық сипаттамасында «облыс әкімінің премиясы Қарағанды облысының 24 этномәдени бірлестіктеріне әрқайсысына 700 мың теңгеден тапсырылады» деп жазылған. Бірақ, бұл сома лот құнына кіре ме, жоқ па, белгісіз. Дегенмен, 24 бірлестікке премия беру үшін 16,8 млн теңге керек екен. Бір анығы, ішкі саясат басқармасы лотты жеңіп алған адам премияны тапсыру салтанатына бірнеше рет дайындық жасауы шарт деп отыр. Және шара кемінде 200 адам сиятын ғимаратта өтуі керек.
«Жеткізуші сценарийдің жобасын; барлық cөз сөйлейтін қатысушылардың қатысуымен жаттығулар өткізу (шарадан 3 күн бұрын); көрмені жобалау және өткізуге міндетті. Жеткізуші іс-шараларды өткізу үшін үй-жайды немесе ғимаратты ұсынуы керек, сыйымдылығы 200 орыннан кем болмасын. Жеткізуші сөз сөйлеушілерге трибуна ұсынып, ҚХА логотипі бар 200 блокнот, ҚХА логотипі бар 200 қалам, 200 папка дайындауы керек. Жеткізуші 5 күннен кешіктірмей облыс әкімінің сыйлығына сертификаттар (24 дана), ақ футболкалар (200 дана), ҚХА логотипі бар 200 дана баспа өнімді сапалы дайындауы керек. Фотограф қызметі керек. Өнім беруші барлық есептерді, фотальбомдағы фотосуреттерді іс-шара өткізілгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде 2 данада ұсынуы тиіс. Өнім беруші көрсетілген қызметтердің сапасы мен кемшіліктері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық жауапты болады. Негізгі немесе қосалқы материалдардың қателері және/немесе сәйкес еместігі анықталған жағдайда, өнім беруші оларды барынша қысқа мерзімде және өз қаражаты үшін түзетуге және Тапсырыс берушіге келтірілген залал үшін өтемақы төлеуге міндеттенеді», - деп жазылған лоттың техникалық сипаттамасында.
Облыстың ішкі саясат басқармасы бұл шараны сәуір-мамыр айларына жоспарлап отыр. Техникалық сипаттамасында пандемия туралы айтылмаған. Лоттың құнын қайталай кетейік – 19,4 млн теңге.
ҚЫРЫҚ ӘЙЕЛГЕ 50 МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ СЫЙЛЫҒЫН ТАРАТАДЫ
Естеріңізде болса, коронавирус пандемиясынан қауіптенген Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр, 2020 наурызында мерекелік шараларды тоқтатып тастаған еді. 8 наурыз тойланбайды деген президент 22 наурызға да, кейінгі мерекелерге де тыйым салған. Биылғы наурыздың эпидахуалы қандай болады дегенге ешкім де «тұрақтанады» немесе «вирус өршиді» деп дәл болжам айта алмайды.
Соған қарамастан, Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы 8 наурызды тойлауға 2,3 млн теңге бөліп, 250 адам сыятын залды жалға алмақ. Лоттың техникалық сипаттамасына назар аударайық.
«Облыс әкімінің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан әйелдерді салтанатты қабылдауын өткізу (еңбек ардагерлері, көп балалы аналар, кәсіпкер әйелдер). Қабылдау тақырыбы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі жылдарында әйелдер жағдайының жақсаруы, отбасын және ел тұрғындарының демографиялық өсімін қолдауда әлеуметтік саясат жүйесінің құндылықтарын құру. Іс-шара өтетін орынды қамтамасыз ету (залда кемінде 250 орын болуы керек). Тапсырыс берушімен келісім бойынша: залды мерекелік безендіруді қамтамасыз ету; кәсіби қоюшылармен және сценаристермен құрылған сценарий бойынша салтанатты қабылдауды ұйымдастыру; қазақ және орыс тілдерінде екі жүргізуші тарта отырып концерттік бағдарлама әзірлеу. Барлық қатысушыларға салтанатты қабылдау барысында құнды естелік сыйлықтар (әрбіріне 50 мың теңгеден кем емес), аттары жазылған ашық хаттар, сыйлықтарға арналған орау және ерекше гүл шоқтары тапсырылады (тапсырыс берушімен келісіледі). Салтанатты қабылдауға шақырылатын әйелдердің жалпы саны – 40 адам. Қажеттілігіне қарай 100-ден астам адамды қосатын ZOOM конференция ұйымдастыру».
«ӘНШІ, БИШІ, КҮЙШІЛЕР ЖУРНАЛИСТЕРГЕ КОНЦЕРТ ҚОЯДЫ»
26 лоттың арасында құны жағынан да, мазмұны жағынан да, тіпті, өтетін уақыты жағынан да еріксіз назар аудартатыны – БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Алтын сұңқар» жүлдесінің салтанатын өткізуге арналған лот. Журналистер күні 28 маусым күні тойланатыны белгілі, дегенмен, Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы дайындықты жарты жыл бұрын бастап отыр.
Лоттың техникалық сипаттамасына сенсек, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» жүлдесін алған журналистер ән мен биге «қарық» болады. Ішкі саясат басқармасы ең озық аппаратура, ең жақсы сценарий мен ең үздік роликтер талап етіп отыр. Әрі журналистке табысталатын дипломның өзі былғары, жиегі ағаш болсын дейді.
«Негізгі іс-шарадан үш апта бұрын Тапсырыс берушімен бірге қазақ және орыс тілдеріндегі рәсімнің егжей-тегжейлі сценарийін дайындау және бекіту керек. Сценарийдің облыстың бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту ісіне, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға ерекше үлес қосқан журналистерді құрметтеуге бағытталған іс-шараның негізгі идеологиялық талаптарына сәйкестігі. Дипломның өзі былғарыдан, жиегі – ағаштан. Дипломдар саны (кемінде 11 диплом) Тапсырыс берушімен келісіледі.
Қажет болған жағдайда тапсырыс беруші белгілеген режиссер мен би қоюшы жұмысын қамтамасыз ету керек. Бағдарламаға Қарағанды облысында танымал кәсіби әртістердің, сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстан эстрадасының әртіс-жұлдыздарының қатысуын қамтамасыз ету. Би ұжымдары мен театр әртістерін тарта отырып, әрбір концерттік нөмірдің режиссурасын қамтамасыз ету. Қажет болған жағдайда қойылымға керек әнді жазуды ұйымдастыру. Танымал би ұжымдары немесе модельдік агенттік өкілдерінің марапаттау рәсіміне ассистент болуын (ассистенттер саны Тапсырыс берушімен келісіледі) қамтамасыз ету. Қарағанды облысының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында танымал және беделді мамандар қатарынан әр номинация бойынша жеңімпаздарға сыйлық тапсыру үшін 20 адамнан аспайтын тұлғалар тізімін (қоғам қайраткерлері, республикалық БАҚ өкілдері, ОКҚ өкілдері, жазушылар, ақындар, журналистер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және басқалары) ұсыну. Үміткерлердің іс-шараға қатысуын қамтамасыз ету, қажеттілігіне қарай оларды жеткізу үшін жайлы жеңіл автокөлік ұсыну, олар келетін көлікке билеттер алу және т.б. шараларды қамтамасыз ету. Іс-шараны дайындаудың бүкіл кезеңі ішінде қоюшы режиссердің, би қоюшының, сценаристің және Жеткізуші өкілінің қатысуын қамтамасыз ету. Іс-шараны өткізуге бір ай қалғанда барлық іс-шараның тұжырымдамасын және сценарийді келісуге ұсыну. Іс-шараның репетицияларын Тапсырыс берушімен келісілген кесте бойынша ұйымдастыру және қоюшы режиссерді, жетекші режиссерді барлық репетицияларға жеткізуді қамтамасыз ету. Қоюшы режиссердің, жүргізушілердің жұмысына ақы төлеуді, оның ішінде жол жүру, тұру, тамақтану бойынша іссапар шығыстарын қамтамасыз ету», - деген талап қойып отыр бұл лот бойынша ішкі саясат басқармасы.
Маусымдағы мерекені былай қойғанда, басқарма жыл соңындағы Тәуелсіздік күнін өткізу үшін де лот жариялап отыр. Ол лоттың да, басқа жиырмашақты лоттың да сипаттамасын мемлекеттік сатып алу сайтынан табуға болады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан