Шымкентте азық-түлік қымбаттады
Ал шенділердің айтуынша, көрші аймақтардан жеткізілетін азық-түлік қана қымбаттаған
Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тағы қымбаттады. Әсіресе, өсімдік майы мен жұмыртқа бағасы өсіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Шымкентте басқасынан бұрын жұмыртқа құны күрт көтеріліп кеткен. Жарты ай бұрын ғана 30-35 теңге тұрған жұмыртқа осы күнде 50 теңгеден сатылып жатыр.
Сатушылардың айтуынша, мереке кезінде жұмыртқаның қымбаттауы - қалыпты жағдай.
«Ет 2 200-2 300 теңге тұратын. Қазір 3 400-ге алдық қой. –Тағы не қымбаттаған? – Ет пен қант қымбаттаған», - дейді тұрғындар
Ет те аз кем қымбаттапты. Картоп пен сәбіз де баға қосқан. Бұл - жергілікті сауда және баға мониторингі бөлімі келтірген дерек.
«Мереке қарсаңына дейін біз күнделікті ірі сауда нысандарын бақылауында ұстап отырдық. Заңсыз әрекеттер болса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылады», - дейді Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Қайрат Базарбеков.
Шенділердің айтуынша, көрші аймақтардан жеткізілетін азық-түлік қана қымбаттаған.