«Ұрған емеспін, ол аянышты кейіп танытып танымал болмақшы»: аяғы ауыр әйелін сабады деп айыпталған қарағандылық азамат пікірін айтты
Тұрмыстық зорлық көрдім деген Мадина Қалиеваның сөзі өтірік пе?

Қазір көпшілік тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаппай петиция жинап жатыр. Оған себеп болған 2 баланың анасы Сымбат Құлжағарованың өлімі еді.
Сымбаттың өлімінен кейін «Күйеуім аяғым ауыр кезде, толғатып жатқанда, қолымда бала болғанда да мені ұрды. Енді сол балаларды менен тартып алмақшы» деп шырылдап, көпшіліктен көмек сұрағандардың бірі – қарағандылық Мадина Қалиева.
Ол өзінің Инстаграм парақшасында балаларымен қауышуды армандайтынын жазды.
Мадина 2 жасар ұлымен бірге қарағандылық Марат есімді азаматқа 2016 жылы қаңтарда тұрмысқа шыққан. Екінші некедегі күйеуінен 2016 жылы ұлы, 2018 жылы қызы дүниеге келеді.
Мадинаның сөзін жоққа шығару үшін Марат Қалиев Azattyq Rýhy тілшісіне хабарласып, сұхбат берді.
«Мадинаның айтқанының бәрі өтірік! Ол бар болғаны, өзіне әлеуметтік желіде «подписчик» жинап жатыр. Мен оны ұрған емеспін! Бір жыл бұрын оған «бірнеше жүктіліктің фонында пайда болған «алопеция» диагнозы қойылды. Яғни, оның ағзасында гормональдық өзгерістер бар. Менде дәрігердің анықтамасы бар. Осы диагноз қойылғандықтан, ол өтірік айтып отыр», - деп бастады сөзін Марат Қалиев.
Мадинамен некеде 5 жылға жуық өмір сүрген жігіт ешқашан қол көтермегенін бірнеше рет айтты. Сонымен қоса, ол жұбайын «жақсы ана бола алмады» деп айыптады.
«Оның сөзінің бәрі өтірік. Бірінші баласы некесіз туған. Баланың әкесі одан бас тартқан. Мен және менің ата-анам 2 жасар баланы өз туғанымыздай қабылдадық. Ал Мадина оны некеде тудым дейді. Сосын, 2016 жылы туған ұлымды Мадина алты айлық кезінде ауыртып қойды. Менің әкемді тыңдамай, күн суықта желең далаға шығара салған. Балам пневмония болып ауырды. Жалпы, 4 жасқа келгенше балам 5 рет бронхитпен ауырды. Патологиясыз, диатезсіз туған қызыма дұрыс қарамағандықтан, дерматит басталды. Ұлымды емізген жоқ. Қызымды емізіп жүргенде кетчуп, майонезді аямай жей берді. Менің әке-шешемді тыңдаған жоқ. Сол себепті, қызымның қолына дерматит шыға басталды»,- дейді Марат.
Ашынған әке балаларына өзінің қамқорлықпен қарап жүргенін жеткізді.
«Мадина mom.life қосымшасының парақшасына үнемі посттар жазып отырған. Мен оны енді білдім. Ол танымал медиа тұлға болғысы келеді. Осы посттардан баламның 6 айлық кезінде түкірігіне тұншығып, демала алмай қалғанын оқып, ашуландым. Ол маған басынан бастап өтірік айтқан»,- деді Марат.
Марат пен Мадинаның ұлдарына «ЗПРР»(психикалық сөйлеу дамуының кешігуі) диагнозы қойылған. Қазір балақай инклюзивті балабақшаға барады.
Azattyq Rýhy тілшісі Мадинамен де тілдесті. Мараттың айыптауларына Мадина былай деп жауап берді.
«Мен медиа тұлға болғым келетіндей, әлеуметтік желіде белсенді емеспін. Инстаграм-парақшама кіріп көрсеңіз болады. 3-4 қана жазбам бар. Қанша телеарнаға сұхбат беруден бас тарттым. Себебі, ол маған керек емес.
Басымдағы оқиғаны mom.life қосымшасына алғаш рет жаздым. Марат «Сені аналық құқығыңнан айырамын. Тіпті, судья болып істейтін әпкең де құтқара алмайды» деп қорқытқаны үшін қыздардан кеңес сұрадым. Сол жерден кейін әлеуметтік желілерге алғашында басқа қыздардың жазуымен менің оқиғам «таныла бастады». Менің қалауым – бар болғаны оқиғаны жария ету. Ондағы мақсат – балаларыммен қауышу.
Мен оны жаман әке деген жоқпын. Шыны керек, ол балаларды тәрбиелеумен айналыспаса да, жақсы көретіні рас. «Сымбат Құлжағарованың өлімін пайдаланып, әлеуметтік желілерде танымал болғысы келеді» деген сұмдық айыптауды тек Марат қана ойлап таба алады», - деді Мадина.
Мадина қараша айында жолдасының үйінен кетерде балаларын шынымен өзі қалдырып кеткенін айтты. Себебі, заңды түрде шешілгенін қалаған. Жолдасынан бұған дейін әбден соққы көрген ол балаларының тағы да стреске түскенін қаламағанын айтады.
«Ол үйде мені ғана ренжітті. Балаларға ешкім тиіспейтінін білемін. Қызым қазір өзімде. 20 желтоқсанда полициямен бірге барған кезде қызымның жарты беті жара еді. Қазір жағдайы жақсы», - деді Мадина.
«Марат мені үнемі ұратын. Мысалы, түнде ұйықтап жатқанда, бала төсектен құлап қалған. Сол үшін аямай ұрды. Әр мерекеде үйімізде қырғын болатын. Себебі, дастархан жасап, дайындалып жатқанда, балалар улап-шулап кетсе, Марат ұрыс шығаратын. Қызымды босанарда, серіктес болуға келіскен құрбым келе алмай қалды. Орнына басқа адамды іздедім. Сол үшін де толғатып жатқанымда соққының астында қалдым.
Үлкен ұлымды «оның баласы» деп шықты қазір. Ал ортаншы баламызды өзіне меншіктеп алған. «Менің ұлымды емізбегенін де кешірдім» депті. Сонда ол менің де балам емес пе?!
Ал балаларыма аллергия Мараттан берілді. Маратта кішкентай кезінде атопиялық дерматит болған, қазіргі кезде тамшы тәрізді псориаз бар. Қызымның қолына шыққан жара Түркиядан келгеннен кейін пайда болды. Дәрігерлер оны инфекция түскен деді.
Ал «алопеция» деген диагноз психикалық ауытқуды білдірмейді. Ол бар болғаны, шаш түсу. Стресс салдарынан болған. Соққы мен ұрыстардың кесірінен 30 келі салмақ тастадым. Мараттың анасы мен әпкесінің өзі маған «Маратпен ұрыса бергеннен шашың түсті» деп айтқан еді. Менде гормоналдық өзгерістер болған жоқ.Ал бірінші баламның әкесімен 7-сыныпта таныстым. Ол мені 18 жасымда алып қашып кетті. Мінезіміз жараспай, ажырастық. Бірақ, менің бірінші жолдасым маған ешқашан қол көтерген емес. Біз жарты жылдай азаматтық некеде тұрдық. Иә, заңды некеге тұрып үлгермедік. Бірақ «некесіз туып алды» дегені дұрыс емес. Басыма қиындық түскенде, сол бірінші ұлымның әкесінің туыстары маған хабарласып, қолдау білдірді»,- деді Мадина Қалиева.
Айта кетерлігі, Мадинаның бірінші ұлы мен кіші қызы қазір өз қолында. Ортаншы ұлдары Маратта.
Мадина ортаншы ұлдарында «ЗПРР» (психикалық сөйлеу дамуының кешігуі) диагнозы жоқ екенін айтты. Дәрігерлер балаға «ОНР» (сөйлеудің жалпы дамымауы) диагнозын қойған.
Мадина бізге күйеуінің әлеуметтік желіге жазған пікірінен скриншот жіберді:
Ал көпшілік Мараттың бұл жазбасына былай деп жауап берген:
Мадина қазіргі уақытта Мәскеу мемлекеттік университетінде филология мамандығы бойынша магистратурада оқиды. Ал Марат заң саласында жұмыс істейді.
13 қаңтарда ажырасу бойынша сот отырысы өтеді.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан