«Іс әділ өтсе екен»: марқұм Сымбат Құлжағарованың жақындары жоғары органдардан көмек сұрайды
Azattyq Rýhy тілшісі Сымбаттың туыстарынан сұхбат алды
Екі баланың анасы, 29 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сымбат Құлжағарованың өлімі естіген жанның жағасын ұстатты. Бұл оқиғадан кейін көпшілік тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаппай петиция жинады – қол қоюшылар саны 83 000-нан асты.
Сымбат 10 желтоқсанда астаналық тұрғын үйлердің бірінен 11-қабаттан құлап, қаза тапты. Полиция бірден «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жұмбақ өлімнің жай-жапсары анықталып жатқан кезде, Сымбаттың анасы жасаған мәлімдеме істі одан сайын ушықтырды. Осы ретте, біз оқырман үшін қортынды жасамайтынымызды айта кеткен жөн. Тек істің әділ өтуі мақсатында оқиғаға қатысушылардың нұсқаларын ғана ұсынамыз.
Сымбат Құлжағарова көзі тірісінде Instagram әлеуметтік желісінде онлайн-күнделік жүргізді. Жолдасы Абайды зорлық жасады деп айыптады.
Абай мен Сымбат 2016 жылы шаңырақ көтерген. Екеуі де Ақтаудың тумасы.
Сымбат декреттік демалысқа дейін 2015 жылғы маусым мен 2016 жылғы маусым аралығында Назарбаев университетінде Департамент қызметкері болып жұмыс істеген. Абай құрылыс саласындағы мердігерлік ұйымға ие.
Ерлі-зайыптылардың таныстары мен туыстары қайғылы оқиғадан кейін 2-ге бөлінді: бір топ Абайды әйелін өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүрледі десе, екіншілері оны кінәсіз деп санайды. Ең қызығы, марқұмның анасы күйеубаласын қорғаштап жүр.
- Бірінші нұсқа: «ПСИХИКАЛЫҚ АУРУ ЕДІ»
Мезгілсіз өлімнен кейін арада 4 күн өткенде Базаргүл Құлжағарова қызының психикалық тұрғыда ауырғанын, өзіне-өзі қол жұмсағанын айтты. Күйеубаласы Абай Әбдіғаниевті «ақ» деді.
«Мені және Абайды талқылауды тоқтатыңдар. Шын мәнінде не болғанын тек біз білеміз. Менің қызым ауырды және емге мұқтаж еді... Менің қызым осыған дейін үш рет суицид жасауға тырысып, істі соңына дейін жеткізді... Мәселе қызымның денсаулығында болды», - деп жазды анасы Инстаграмда парақша ашып.
Сымбаттың анасының жазбасы
Анасы Сымбаттың соңғы жарты жылда емшіге бара бастағанын, содан кейін қатты өзгергенін айтады. «Дәрігер массаж жасап қана қоймай, қызды манипуляциялады және жұбайына қарсы қойды» дейді.
Сымбаттың жолдасы Абай да журналистерге сұхбат берді.
«Тергеу кезінде оның емшіге барып жүргені анықталды. Емші оған массаж жасады. Содан кейін мен анама қоңырау шалып: «Оның денесінде, аяқтарында және қолдарында көгерген іздер қайдан пайда болды?» деп сұрадым. Мен оны ұрғаным жоқ. Бұл - өрескел, қатал айыптау. Мен әйелімді, отбасымды жоғалттым. Жағдайға объективті түрде ешкім қараған жоқ», - деді Абай.
- Екінші нұсқа: «ҚЫЗЫМНЫҢ ДЕНІ САУ. ОҒАН ҚЫСЫМ ЖАСАЛҒАНЫ АҚИҚАТ»
Ал марқұмның әкесі 1 күн бұрын видеохабарлама жолдап, қызының ақыл-есі сау болғанын айтып, шырылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан істің әділ өтуін сұрады.
«Қызым сонша қиналды, енді сот өкілдері әділ шешім қабылдағанын сұраймын», - дейді Сымбаттың әкесі Боранғали Құлжағаров.
«Папам видео жазып, отбасымыздағы жағдайды көпшілікке шығаруды артық іс деп санады. Алайда, соттың әділ болғанын қалап, жоғары органдардан көмек сұрауды жөн деп шешті... Сымбат әкеміздің қызы еді. Олар бір-біріне ұқсайтын. Папама басында қиын болды, сол себепті де ешкімге тіс жармадық. Қазір кішкене басылды. Туыстарымыз отырып, бәріміз ақылдаса келе, бұлай отыра беруге болмайды деп шештік. Іс тұр… тергеушілер, ешкім хабарласып жатқан жоқ. Ағайынмен ақылдасып, өз позициямызды айтуды жөн деп шештік», - дейді Сымбаттың туған сіңлісі Гүлбану Құлжағарова.
Сұхбат беруге келіскен марқұмның жақындары Сымбаттың жерлеу рәсіміне Абай мен оның ата-анасы келгенін айтты. Алайда, қара жамылған ағайын бірауыздан Сымбатты келін емес, келсап еткен оларды қуып шыққан.
«АНАМЫЗДЫ ТАНЫМАЙ ЖҮРМІЗ»
«Мен, шынымды айтсам, қазір өз мамамды танымай жүрмін. Басқа бір адамды әкеліп қойған сияқты. Сымбат ажырасамын деп наурызда бірінші рет айтты. Сол кезден бастап, анам өзгеріп кетті. Ол кісіге бәрімен дұрыс қарым-қатынаста болу маңыздырақ па, мамамның әрекетін мен түсіндіре алмаймын. Ешнәрсе қабылдағысы келіп тұрған жоқ. Сөйлессең, ұрсысуға дайын тұрады», - дейді Гүлбану.
Сымбаттың жақындарының айтуынша, аналары Базаргүл Құлжағарова Ақтаудан кетіп, Нұр-Сұлтандағы күйеубаласының үйінде 2 ай тұрған. Не себепті күйеубаласы мен құда-құдағиының үйіне көшкені белгісіз.
«Мен мамам туралы жаман ешнәрсе айтқым келмейді. Сымбаттың жағынан ғана айта аламын. Сымбатқа әйтеуір, сенген жоқ. Абай адамға жағуды білетін адам, ол туралы ешнәрсе де айтқым келмейді. Мамам ешқашан ешкімнің үйіне қонбайтын адам еді. Тіпті, қонаққа барса да, қонбайтын. Өз үйім, өз шаңырағым бар дейтін. Құдалардың үйінде жатқанын ешкім түсінбеді… Оның себебін түсіндіре алмаймын», - дейді Гүлбану.
«ІС ӘДІЛ ӨТСЕ ЕКЕН»
«Алғашында сотта күйеубалам Сымбатты өзін-өзі ұрған деді. Одан кейін, қызым дүниеден өткен соң, денесінің көгеруі массаждан деді. Енді келіп иглотерапиядан деп шықты. Нақты сөз жоқ. Неге ол жақ Сымбаттың тірі кезінде үнсіз жатты? Қызым қанша пост жазды. «Оның сөзінің бәрі өтірік» деп сол кезде неге айтпады? Сымбат сол кезде Инстаграмда тікелей эфирге шығып, дені сау екенін дәлелдеп берер еді», - дейді Сымбаттың әкесі.
Ал Гүлбанудың айтуынша, Абайдың тарапынан қорқытулар күнде болған.
«Қорғау ұйғарымы деген құжатқа қарамай, әпкемді күнде мазалады. Қорқытты. Ол жазбалары менде бар. Күйеуінің қорқытқаны туралы Сымбаттың өзі де бірнеше мәрте әлеуметтік желіге жазды. Әпкем қорыққанынан дүкенге де бара алмайтын. Материалдық жағдайына сенген Абай «барлық мәселені шештім, қолыңнан түк келмейді» деп айтқан»,-дейді Гүлбану.
«Сот әділ шешім шығарса екен. Ешкімді айыптағым келмейді. Бірақ соттың әділ шешімі болса екен. Төмендегі ғана емес, жоғары органдардың бақылауында болса екен деймін. Сымбатымның қалағаны да сол еді – әділ шешім», - деді қара жамылған әке.
Айта кетерлігі, Сымбаттың балалары қазір Ақтауда тұратын әпкесінің (аналарының сіңлісі) қолында. Нұр-Сұлтанға келер алдында Сымбат балаларын осы кісіге өзі табыстап кеткен. Наурыз айында балалары 4 және 2 жасқа толады.
Еске салайық, полиция қыздың денесі 10 желтоқсанда түнгі сағат үште астаналық тұрғын үй кешендерінің бірінен табылғанын хабарлады.
«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Он бірінші техникалық қабаттағы кіреберістің қабаттарын аралау кезінде парапетте іздер табылды (мүмкін, бұл секіру жасалған жер). Мәйітті тексеру барысында қайтыс болған адам ешкімді кінәламайтын жазба табылды», – делінген хабарламада.
Сымбаттың қалтасынан табылған бұл хатты жақындары бізге көрсетті.
«Ол жерде өлім туралы немесе өлімге ешкімді кінәламау туралы ешқандай жазба жоқ. Сымбат өзін-өзі дамыту, отбасын сақтап қалу сынды марафондарға көп қатысатын. Үнемі алға ұмтылатын. Бұл - сол марафондардан жазып алған аффирмациясы», - дейді марқұмның жақындары.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан