«Ақыл-есі дұрыс»: 11-ші қабаттан секіріп мерт болған Сымбат Құлжағарованың әкесі Тоқаевтан көмек сұрады
Марқұмның әкесі қылмыстық істің әділ өтуін және жедел тергеу жүргізуді сұрады
Ақтау қаласының тұрғыны Боранғали Құлжағаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокуратураға, Жоғарғы сот пен және Ішкі істер министрлігіне видеоүндеу жолдады. Ол қызы Сымбаттың өліміне қатысты істі Мемлекет басшысының жеке бақылауға алуын, қылмыстық істі әділ және жедел тергеуді сұрады.
«Мен, Сымбат Құлажағарованың әкесі Құлжағаров Боранғали Тұяқбайұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Нұр-Сұлтан әкімдігіне, ҚР Бас прокуратурасына, ҚР Жоғарғы сотына, ҚР Ішкі істер министрлігіне жүгінемін. Халықтың аянышын тудырған қызым Сымбаттың басына түскен қайғы мәңгілік сапарына ұласты. Мен қызымның есінің дұрыстығына еш күмән келтірмеймін. Себебі, 2020 жылдың 21 қазан күні шыққан дәрігерлік комиссияның қорытындысына қоса өзімнің де көзім жетті. Осыған орай, сіздерден қазір тергеліп жатқан қылмыстық істің толық, жан-жақты, әділ әрі объективті зерттеуін қамтамасыз етуді сұраймын», - деді қара жамылып отырған әке.
Естеріңізге сала кетейік, екі баланың анасы – 29 жастағы Сымбаттың өлі денесі 10 желтоқсанда табылды. 10 желтоқсанға қараған түні оның елордадағы көпқабатты үйдің 11-ші қабатынан секіріп қайтыс болғаны жайлы ақпарат тарады. Марқұм көзі тірісінде күйеуі оны психдиспансерге орналастыруға тырысқаны туралы шағымданған.