«Қасқыр жеп кетсе қайтесің?» Алматы облысында иен далада жалғыз жүрген бала табылды
Ол анасын іздеп адасып кеткен
Тасжолдың бойында тұрған кішкентай баланы жолай өтіп бара жатқан жолаушылар көріп, тоқтаған. Қақаған қара суықта қараусыз қалған ұл бала Жамбыл ауданының аумағындағы жол бойында жүрген. Ұл бала шамамен 5-6 жаста. Ол әбден жаурап қалған.
«Ақши-Бозой жақтан келе жатыр едім. Айта жүріңдерші, жолдың бойынан бала тауып алдым. Айналада ешкім жоқ, үй, елдімекен жоқ. Құдай сақтасын. Мына баланы не істеймін, әкімдікке апарайын ба? Кеш батып келеді, қасқыр жеп кетсе қайтесің? Әкең қайда?» - деп сұрайды адасқан баладан Бауыржан есімді ер азамат.
Оқиға кеше түстен кейін Темір жол ауылдық округіне қарасты аумақта болғаны анықталды. Бала анасын іздеп жолға шығып кеткен. Қара суықта баланы құтқарып қалған көлік жүргізушісін Жамбыл ауданының әкімдігі марапатқа ұсынбақ. Ал баласына ие болмаған ата-ана заң алдында жауапқа тартылады.
«Оқиға кеше Темір жол ауылдық округінің территориясында болған. Баланың анасы 1976 жылғы, шаруа қожалығында жұмыс істейді. Ұлдың әке-шешесі Қарақалпақстаннан көшіп келген, Қазақстан Республикасының азаматтары емес. Анасы мен ұлы ауылдық округке барамыз деп жолға шыққан. Баласын жолда тоқтаған үйге ұмытып кеткен. Ұлы үйіне қайтамын деп жалғыз шығып, адасып кеткен. Сол кезде такси жүргізушісі баланы тауып алған. Қазір осы іспен полиция айналысып жатыр», - деді Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы.
Әкімдіктің хабарлауынша, суықта қалған баланың денсаулығына зиян келмеген. Енді оның ата-анасы баласы үшін ғана емес, көші-қон ережесін бұзғаны үшін де заң алдында жауапқа тартылмақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы