ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Академияда жүйелі ақша жинауға қатысты өрескел заңбұзушылықтар анықталмаған – ІІМ

ІІМ ресми өкілі академияда болған курсанттың қазасына қатысты пікір білдірді

Өткен аптада Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев курсанттың қаза болуына байланысты кешенді тексеру жүргізіліп жатқан ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына барды.

Тексерістің алдын ала нәтижелері туралы ведомство басшысына арнайы топтың басшысы – ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков баяндады. 

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораздың ведомствоның апталық жұмысына қатысты өткен брифингте мәлімдегеніндей, оқу орнының тұрмыстық жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы ғана емес, оқытушылар мен курсанттар арасындағы моральдық-психологиялық ахуал да зерделенуде.

«Қазіргі уақытта жүйелі ақша жинауды көрсететін өрескел бұзушылықтар анықталмаған. Сонымен қатар, курсанттар туыстарының оқу орны қабырғасындағы қысым туралы хабарламалары да мұқият қаралуда», - деді Нұрділда Ораз.

ЖОО-ны аралау барысында министр оқу процесінің ұйымдастырылуымен және курсанттардың өмір сүру жағдайымен танысты, академия оқытушыларымен және курсанттарымен кездесті.

ІІМ басшысы жақын арада жаңа басшылық тағайындалатынын, оның басты міндеті – курсанттардың тәртіп деңгейі мен кәсіби даярлығын арттыру екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: «Казиноға ақша салумен айналысқан». Курсанттың өліміне қатысты тексерудің алдын ала нәтижесі айтылды

Естеріңізге сала кетейік, ІІМ бұйрығымен сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылаудың болмағаны үшін бірқатар басшылар мен қызметкерлер жазаланған болатын.