Алматыда ІІМ академиясының курсанты өз-өзіне қол салды

Ол қайғылы оқиғаға дейін ата-анасынан ірі көлемдегі ақша жіберуін сұраған

Алматыда ІІМ академиясының курсанты өз-өзіне қол салды
Саламат Өтегенов, фото: uralskweek.kz

Алматыда Ішкі істер министрлігі академиясының 19 жастағы курсанты өзіне қол жұмсады. Ол 3-ші курста оқыған. «Уральская неделя» басылымының хабарлауынша, ол қайғылы оқиғаға дейін ата-анасынан ірі көлемдегі ақша жіберуін сұраған.

Саламат Өтегеновтың денесі 13 желтоқсанда асхананың қосалқы бөлмесінде табылды. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі оны құтқара алмады. Қаралы хабар ата-анасына сол күні хабарланды. 16 желтоқсанда марқұм Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Шабдаржап ауылында жерленді.

Жігіттің анасы оқу мекемесінде әрдайым ақша талап ететінін айтты. Бекзат Иманғалиеваның айтуынша, Саламат қайғылы оқиғаға дейін әдеттегіден әлдеқайда қомақты ақша сұрай бастаған. Осылайша, ата-анасы 3 айдан астам уақыт ішінде 630 мың теңге жіберген.

Соңғы тәулікте ол ағасына: «Егер дәл қазір ақша жібермесең, қолымнан немесе аяғымнан айырыламын» деп жазған. Қайтыс болған күні сағат 11-де ағасына «17:00-ге дейін 300 мың теңге жіберші» деп жазған. Ауылда интернет нашар болғандықтан, ағасы хабарламаны тек кешке оқыды. Саламат 16:31-де соңғы СМС-те: «Мен кеттім» деп жазған.

Академия ақпаратына сәйкес, оқиғаға қатысты Алматы бойынша өзіндік қауіпсіздік департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Іс қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша (өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу) тергеліп жатыр.

«Тексеріс барысында академия қызметкерлері мен курсанттары тарапынан заңсыз әрекет анықталған жоқ», - деді мекемедегілер.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.