«Дөрекі сөйледі, заңсыз тексеру жүргізді». Тәшенова неге ескертумен құтылып кетті?

Кәсіпкерлер Ақкөл ауданы Жұмыспен қамту орталығының басшысына қатысты шағымданды

«Дөрекі сөйледі, заңсыз тексеру жүргізді». Тәшенова неге ескертумен құтылып кетті?
Фотоколлаж: Жанар Жақсылыққызы

Ақмола облысы Ақкөл ауданының тұрғындары жергілікті жұмыспен қамту орталығының басшысына қатысты шағымданды. Кәсіпкерлердің айтуынша, мекеме басшысы заңсыз тексеріс жүргізумен айналысады. Шағын бизнес иелерінің наразылығы туралы аудан белсендісі Әсел Әубәкірова  мәлімдеді.

«Маған бірнеше кәсіпкер хабарласып, жұмыспен қамту орталығына қатысты шағымын айтты. Бүгін осында келеміз деген бірнешеуі орталық басшысынан қаймығып, келмей қалды. Өйткені Тәшенова (мекеме басшысы – ред.) олардың мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін туыстарына, жолдастарына хабарласуы мүмкін. Кәсіпкерлерге айғақсыз сотқа шақыру қағазы келген. Мәселен, менің өзіме ешбір шығыс нөмірі жоқ хабарлама келді. Ол жерде Жұмыспен қамту орталығы менен жұмыстың калькуляциясын, тапсырыс берушілердің мекенжайы мен телефон нөмін сұраған. Мен біреудің жеке басына қатысты мәліметтерді беруге құқығым жоқ», - деді Әубәкірова.

Әсел Әубәкірованың айтуынша, орталық басшысы кәсібін ашуға ниетті тұрғындардың «Bastau Бизнес» жобасы арқылы грант алуына мүмкіндік берер емес. Осылайша, ауыл тұрғындары мемлекеттің кәсіп ашуға жасаған тиімді тетіктерін пайдалана алмай отырғанын айтады.

«Ботагөз Хәкімқызы (Тәшенова – ред.) кейбір адамдарды комиссияға жібермейді. Тек таңдап, іріктеп жібереді. Неге олай жасайтынын білмейміз», - деді аудан белсендісі.

Жұмыспен қамту орталығының басшысы Ботагөз Тәшенова Әсел Әубәкірованың сөзін жоққа шығарып, «барлығы заң аясында атқарылып жатқан шаралар» деп сендірді.

«Бұл әйелдің айтып тұрғанының бәрі жалған. Ешкімді аңдып жүрген жоқпыз. Біз ондайға жол бермейміз. Біз үлкен жұмыс атқарып отырмыз. Құқықтарымыз бен міндеттерімізді жақсы білеміз», - деді орталық басшысы.

Бердіхан Зәуретхан есімді кәсіпкер осыдан бір жыл бұрын мемлекеттен грант алып, құрылыс саласында қызмет көрсету бойынша кішігірім кәсібін ашқан. Алайда, көп ұзамай Жұмыспен қамту орталығы берілген соманы кері қайтаруды талап еткенін айтады.

«Bastau Бизнес» бойынша 250 мың теңге грант алдым. Ай сайынғы төлемдерін, фото есептерін тапсырып отырдым. Есеп бойынша бізде бәрі дұрыс жүріп жатты. Жылдың соңында мені сотқа беріпті. Менен 250 мың теңгені қайтадан кері талап еткен. «Неліктен?» деген сұрағыма: «Сіз жұмыс істемедіңіз. Жұмыс істеп жатқыныңызды көргеніміз жоқ» деп жауап берді. Аудандық сотқа және прокуратураға орталыққа қарсы шағым жаздық. Нәтижесінде Жұмыспен қамту ортылығының ақшаны кері талап етуі заңсыз екені дәлелденді», - деді аудан тұрғыны.

Аудандық Жұмыспен қамту орталығымен сотта дауласқандардың тағы бірі – Айымгүл Сұлтанбек. Жас кәсіпкер торт пісірумен айналысады екен. Грант иесі мемлекеттен алған қаражатты қажетті материал алуға жұмсағанын айтады.

«Наурыз айының басында Жұмыспен қамту орталығының маманы тексеріске келетінін айтты. Бірақ ол сәтте мен Нұр-Сұлтан қаласында емделіп жатқандықтан, жұмысымды көзбе-көз тексеру мүмкін емесін айттым. Емделгенімді растайтын құжаттар бар. Одан кейін маған Жұмыспен қамту орталығының басшысы Ботагөз Тәшенованың өзі хабарласып, өте дөрекі түрде сөйлесті. Емделіп жатқанымды, барлық құжаттардың бар екенін түсіндіруге мұрша берген жоқ. «Ақшаны кері қайтарасың» деп қорқытты. Ал 11 наурызда менің үстіме Жұмыспен қамту орталығынан шартты біржақты түрде бұзу туралы шағым түсті. 13 наурызда мен барлық растайтын құжаттармен қоса, шағымға қатысты жауабымды бердім. 15 наурызда Жұмыспен қамту орталығының маманын тексеруге шақырдым. Алайда оған жауап келген жоқ», - дейді жас кәсіпкер.

Өз кезегінде Ботагөз Тәшенова ешкімді сотқа бермегенін айтып ақталды. Жеке кәсіпкерлердің жанайқайы аудан әкімдігіне де жеткен. Алайда жергілікті билік мекеме басшысына тек ескерту берумен шектелгені мәлім болды.

«Ақкөл аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ботакөз Тәшенованың үстінен 5 адамнан шағым түсті. Кәсіпкерлер мекеме басшысының ерсі әрекетіне шағымданды. Аталған жағдай бойынша Тәшеновамен профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Ботагөз Тәшеноваға қатаң ескерту жасады», - деп жауап берді Ақкөл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.