Петропавлда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алғашқы кабинет ашылды
СҚО-да бұрын-соңды мұндай кабинет болмаған
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі физика пәнінің мұғалімі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинет ашты. Дамыту орталығы Даун синдромы, сөйлеу қабілетінің тежелуі, тірек-қимыл аппараттары қызметінің бұзылуы диагноздарына шалдыққандарға арналған. СҚО-да бұрын-соңды мұндай кабинет болмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ерікті педагог мүмкіндігі шектеулі балаларға «Астрономия» пәні бойынша тегін сабақ береді. Сонымен қатар, кабинетте балалармен педагог-психологтар жұмыс істейді. Бұл орталық әлемдегі Даун синдромына шалдығушылар арасында алғаш болып ЖОО тәмамдап, колледжде сабақ беретін испандық Pablo Peneda-мен әріптестік байланыста болмақ. Шетелдік маман жергілікті педагогтармен өз тәжірибесін бөлісіп, қажетті бағыт-бағдар бермек.
«Ерекше диагнозы бар балалар карантин кезінде төрт қабырғаға қамалып қалды. Еліміз үшін осындай күрделі кезең оларға оңай тиіп жатқан жоқ. Пандемияға дейін бір-бірімізбен кездесіп тұратынбыз. Балалар бір серпіліп қалатын. Осындай орталықтың қажет екенін бұрыннан айтып келеміз. Мәселе оң шешімін тапқанына қуаныштымын», - дейді ерекше қажеттілігі бар баланың анасы Анастасия Швец.
«Өкінішке қарай Петропавлда ерекше қажеттілігі бар балаларды дамытуға арналған орталықтар жоқ. Тек ақылы түрде жұмыс істейтін психологтар ғана бар. Сондықтан осындай бастама көтеріп, әлеуметтік мәселенің шешілуіне өз үлесімді қосуды жөн санадым. Оның басқаларға пайдасы тиеді деген үміттемін», - дейді Дина Құдабаева.
Ерікті бірнеше жыл бойы Петропавл облысындағы «Балалар ауылында» ерікті ретінде қызмет атқарып жүр. Ол әрбір бала тұратын жеріне, әлеуметтік мәртебесіне, денсаулығына қарамастан, өз жұлдызын жаға алатынына сенеді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО