Елімізде ата-аналардың 70%-і балаларын ұрады - бейресми сауалнама
Алматыда өткен «Берекелі отбасы – бақытты отбасы» атты жиында ата-аналар тарапынан туындайтын түсініспеушілік, баланы ұрып-соғу оқиғалары туралы айтылды
Отбасында туындайтын тұрмыстық жанжал мен маскүнем ересектердің оспадарсыз әрекеті шаңырақты шайқалтқан жайттар жиілеп барады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Алматыда «Берекелі отбасы – бақытты отбасы» атты жиын өтті. Басқосуда ата-аналар тарапынан туындайтын түсініспеушілік, баланы ұрып-соғу оқиғалары туралы айтылды. Мұндай жағдайда оларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіп, кеңес беретін «Қазақстанның балалар ауылы» атты қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Биыл оның көмегіне ел астанасы мен Алматы және Теміртау қалалары бойынша 100-ден астам ана жүгінген.
«Ғаламтор арқылы бейресми сауалнама жүргіздік. Оған қатысқан ата-аналардың 70%-і балаларын ұратындарын айтқан. Ұрып-соғу салдарынан бойын қорқыныш пен үрей билеген баланың өзіне деген сенімі жоғалып, күйзеліске тез ұшырағыш келеді. Біздің жоба ең алдымен ата-аналардың балаға деген мейрімін арттыруды, тәрбие мәселесіндегі сабыр мен өзара түсіністікті қалыптастыруды көздейді. Бұл – қазіргі өмір ағымында өте қажет қасиеттер», - дейді «Берекелі жанұя – бақытты бала» жобасының үйлестірушісі Алина Аблеева.