Павлодар облысында білім беру орталықтары мен үйірмелер қайта жұмыс істей бастайды
Мұндай шешім өңірдің «қызыл» аймақтан шығуына байланысты қабылданды
Облыс орталығында білім беру орталықтарының, үйірмелердің және мектептен тыс қосымша білім беру объектілерінің қызметін қайта бастау туралы қаулы 2020 жылғы 15 желтоқсан сағат 00.00-де күшіне енеді. Сәйкес қаулылар Екібастұз және Ақсу қалаларында да қабылданды.
«Мұндай шешім Павлодар облысының эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл» аймақтан шығуына байланысты қабылданды. Өткен тәулікте облыста коронавирустық инфекцияның 73 жаңа жағдайы тіркелді», - делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарламасында.
Бүгінгі күні COVID-19 бен ауыру жағдайларының тұрақты төмендеуі байқалуда. Сырқаттанудың шыңы 23-29 қараша аралығында орын алған, ол кезде 795 жағдай тіркелген болатын (өсім 14,2 %). Содан кейін төмендеу байқалды – 733 жағдай (11,4 %) және соңғы аптада 626 жағдай (8,8%) тіркелді.