Оларға жала жапты деген айып тағылуы мүмкін
Алматы облысы әкімінің орынбасарының үстінен арызданған алматылық екі кәсіпкер жауапқа тартылуы мүмкін деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ісі бойынша Бас прокуратураның шағымнан не себепті бас тартқанын түсіндірді.
«Егер біз бұл жағдайды толығырақ зерттейтін болсақ, Мәнізоровқа қарсы қылмыстық іс екі қазақстандықтың өтініші бойынша қозғалған: олар Мәнізоровтың сыбайлас жемқорлық қылмысына тікелей қатысы бар деп, бірнеше факт көрсеткен. Бас прокуратура шешімінің сүйене отырып, қазіргі уақытта біз бұл азаматтарды заңсыз арызданғаны және жалған ақпарат бергені үшін жауапқа тартуымыз керек», - деді Данияр Бигайдаров баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Бас прокуратураның дәлелдері пысықталуда. Тексеру аяқталғаннан кейін оның нәтижесі бойынша жоғары инстанцияға қайта шағым ұсынылуы мүмкін.
Айта кетейік, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров алматылық екі кәсіпкер – Ыбраев пен Баймахановтың арызы бойынша ұсталған болатын. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша іс қозғалған. Алайда, Бас прокуратура қозғалған істің негізсіз екенін айтып, оны жауып тастады.
Оқи отырыңыз: Мәнізоров ісі – Баталовтың орнына таластан туған ойын ба?
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы