Түркістандағы «асар»: әкімдіктіктер миллиардтарды қандай ғимараттар салу үшін жұмсады?
Бүгінде Түркістан қаласында 28 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр
2018 жылы Түркістан еншісін алып, жеке-дара облыс болып құрылды. Бүгінде Түркістан қаласы облыс орталығы деген мәртебеге сай болу үшін күллі Қазақстан «асарлатуды» бастады. Түркістанды дәулетті ету Өмірзақ Шөкеевке жүктелсе, қаланың сәулетіне «Самұрық Қазынадан» бастап барлық облыс және қала әкімдіктері атсалысып жатыр. Осы мақсатта өңірлер миллиардтар бөліп, Түркістан қаласы ертегідегі батырлардай сағат санап, күн санап өсуде. Егер дәл осылай жалғаса берсе, Түркістан шаһары бірер жылда мейманасы тасыған мегаполиске айналмаса да, менмұндалаған әсем ғимараттарымен, ерекше сәулетімен сүйсіндіретін шуақты қалаға айналуы бек мүмкін.
«Azattyq Ruhy» басқа аймақтардың бюджеті есебінен Түркістанда жаңадан салынып жатқан нысандарды назарларыңызға ұсынады. Барлық ақпарат әкімдіктің 2019 жылдың 15 қазанындағы есебі бойынша беріліп отыр. Төмендегі фотоларда нысан құрылысы барысы мен ғимараттың эскизі қатар ұсынылып отыр.
Түркістанда құрылысы аяқталған алғашқы ірі нысанның бірі – Алматы қаласы әкімдігі салған медиаорталық. Облыстағы барлық телеарналар, радиолар мен басылымдардың жаңа қонысына айналатын ғимаратқа Алматы әкімдігі – 4,8 млрд теңге бөлген. Нысанның жобасын жасаған «Данайхан стройтех» ЖШС, ал құрылысымен айналысқан мердігер компания - ТОО «BI Urban constuction». Қазір 3000 шаршы метр аумақтағы медиаорталықта ішкі инженерлік байланыс орнату, әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Түркістанның орталығынан «Нұр-Сұлтан» алаңын салды. Облыс әкімдігі алдындағы 5 мың шаршы метр аумақты алып жатқан алаң құрылысына 1,5 млрд теңге бөлінген. Қазір ол жерде субұрқақ орнатылып, тас төселініп жатыр. Жоспар бойынша алаң 2019 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жазылған. Тапсырысты орындаушы - «BI urban construction Group» ЖШС.
Ал Батыс Қазақстан облысы Түркістанға «Ақжайық» атты музыкалық мектеп салып берді. Жобаның құны – 1,8 млрд теңге. Екі қабаттық мектеп ғимаратының ішінде 550 орындық концерт залы, оқу сыныптары, конференция залдары мен мен тынығу орындары бар. Мектеп қабырғаларына жоғары сапалы «дауыс тұншықтырғыш» материалдар қолданылған. Ғимарат жақын күндері пайдалануға берілуі тиіс. 15 қазандағы мәліметтер бойынша, бүгінде ғимарат бойынша ішкі әрлеп-сылау, жарық, жылу тарту, көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Тапсырысты орындаушы – «А.Р.Т. құрылыс» ЖШС-ы.
Солтүстік Қазақстан облысының Түркістанға тартуы – Олимпиадалық резервке арналған спорт мектебі. «Стройн» ЖШС салған жобаның құны – 1 млрд теңге. 210 балаға арналған мектепте баскетбол, волейбол, шағын футбол, еркін күрес, дзюдо, бокс, грек-рим сынды спорт түрлері дамытуға мүмкіндік болады. Мектеп желтоқсан айында ашылуы тиіс, бүгінде ғимараттың айналасын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Түркістандағы халыққа қызмет көрсету орталығын «сыйға тартқан» - Павлодар облысы. Жоба құны – 1,2 млрд теңге. Орталық аумағында 400 орындық автотұрақ бар. 15 қазан күні ғимараттың құрылысы аяқталып, оны үкімет басшысы Асқар Маминге таныстырды. Павлодар облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір заңнамаға сәйкес ғимаратты «Азаматтарға арналған үкіметтің» Түркістан облысы бойынша филиалының балансына аудару бойынша құжаттар ресімделіп жатыр. Нысан 10 желтоқсанда толықтай пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Жақында жаңа орталықты Елбасы Н.Назарбаевқа таныстырды.
Түркістандағы ауқымды жобалар қатарына Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары бірлесіп салып жатқан аттракциондары бар қалалық саябақты қосса болады. Аумағы 32 гектар саябаққа үш өңірдің әкімдігі 10 млрд теңге бөлген. Құрылыспен «Bazis Construction» айналысып жатыр. «Шолу дөңгелегі» болатын саябақ 2020 жылдың шілдесінде пайдалануға берілмек.
ШҚО-ның Түркістанға деген тартуы – музыкалық субұрқақ. Субұрқақ қыркүйек айында іске қосылды. Лотос гүлі іспеттес фонтанның биіктігі 15 метр, аумағы 4 мың шаршы метрді қамтиды. Даниал Ахметов қазақша ән ойнап, музыканың ырғағына қарай су шашатын фонтан құрылысына 1,8 млрд теңге бөлген екен. Мердігер компания – «OST проект» ЖШС.
Қызылорда облысы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің дәл қасынан шығыс моншасын тұрғызды. Сәулеті Түркістандағы тарихи ғимараттармен үйлескен моншаның аумағы – 1,4 мың шаршы метр. Ұзындығы 60,5 метр болса, ені 48 метр. Жобаға 1 млрд теңге бөлінген. Жақында пайдалануға берілетін монша бір мезетте 500 адамды қабылдайды деген үміт бар. Мердігер компания - «Бақ-Береке» ЖШС.
Қаладағы неке сарайы - Қостанай облысының тартуы. 4 қараша күні сарайдың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жас жұбайларға бақыт тілеген. Неке сарайының құрылысына Қостанай облысы – 1,8 млрд теңге бөлді. Мердігер компания – «B-A Constactars SA»
Атырау облысы әкімдігі жауапты «Ұлы дала елі» орталығы 2020 жылдың соңында пайдалануға береді. Орталықтың жалпы аумағы 7760 шаршы метрді құрайды. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба құрылысымен «Bi Group» компаниясы айналысып жатыр. Түркістан облыстық баспасөз қызметінің мәліметінше, ммузейде ұлттың ежелгі өнері мен технологияларын тамашалауға болатын мүмкіндік болады екен. Орталықта аң стилінде жасалған бұйымдар, «алтын адам» киім-кешегі, аң аулау, металлургияның дамуы, қару-жарақ, жабдықтар жасау және басқа да артефактілермен танысуға болады.
Түркістандағы жаңа драма театрдың құрылысына Ақтөбе облысы жауапты. «BI Construction Turkestan» салып жатқан театр 2020 жылы қараша айында пайдалануға берілмек. Театр 4 қабаттан тұрады. Нысанның жалпы аумағы – 10 мың шаршы метр. Көрермендер залына бір мезетте 510 адам сияды.
Жамбыл облысы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанынан «Әзірет Сұлтан» визит орталығын салды. Орталық қалаға саяхаттап келетін қонақтарға Түркістанның тарихы мен туристік орындары жайлы ақпарат беріп, қызмет көрсетеді. Нысанның аумағы – 2200 шаршы метр, құны – 1,5 млрд теңге.
Шымкент қаласы Түркістан облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы салып жатыр. Заманауи үлгідегі 3 қабатты ғимарат 1 гектар жерді алып жатыр. Оның төбесі күн түсетіндей ашық. Кітапханада галереялар, open space, конференция залы, шығармашылық бөлмелер, медиа-орталық болады. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Құрылыспен «Bazis Construction» ЖШС айналысып жатыр. Кітапхана пайдалануға 2020 жылы жазда беріледі.
Маңғыстау облысы Түркістанда сәулеті ерекше амфитеатрды пайдалануға беріп жатыр. Мың адамға арналған амфитеатр 2400 шаршы метр аумақты қамтиды. Маңғыстау әкімдігі бұл жоба үшін 1,8 млрд теңге жұмсады. Түркістанның рухани-мәдени орталығындағы алаңда болашақта ашық аспан аясындағы фестивальдер, қоғамдық-саяси іс шаралар, театрландырылған қойылымдар мен концерттер өтпек.
Ал Яссауи музейі, 7 мың орындық спорттық стадион, оқушылар сарайы, конгресс орталығы секілді нысандар «Самұрық Қазына» ҰӘҚ-ның еншісінде. Түркістан облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір қалада жалпы 28 нысанның құрылысы жүргізілуде. 16 ғимарат әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан. Қаланың рухани-мәдени бөлігінде 10 нысан салынуда. Биылғы жылдың соңына дейін 11 ғимарат пайдалануға берілуі тиіс.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан