Карантин талаптарын бұзған қазақстандықтарға 1 млрд теңге айыппұл салынған
Тамыз бен желтоқсан аралығында 19 мыңға жуық нысан тексерілген

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов мәлім етті.
«17 тамыз бен 9 желтоқсан аралығында 53 489 рейд жүргізіліп, 215 970 нысан тексеріліп, 18 903 нысанның карантин ережелерін бұзғаны анықталды. Аталған уақыт аралығында жалпы құны – 1 млрд теңге қаражатты құрайтын 15 268 айыппұл салынған. Карантин талаптарын жиі бұзған өңірлер: Түркістан, Алматы, Қостанай, ШҚО облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары», - деді вице-министр.
Бүгінде республика коронавирустың таралу қаупі бойынша «жасыл» аймақта тұр. Қауіп жоғары аймақта СҚО және Павлодар облысы тұр. Алдыңғы аптамен салыстырғанда, «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа Қостанай және Ақмола облыстары ауысты.
«Сары» аймақта – Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, ШҚО мен Атырау облыстары тұр және БҚО мен Атырау облыстары ауысты.
Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының мәліметінше, коронавирус жұқтырғандардың саны 10%-ға өсіп отыр. Өсім көрсеткіші Атырау (1,9 есе), Жамбылда (1,8 есе), Ақмола (1,7 есе), Павлодар облыстарында (1,5 есе) байқалды.