Бауыржан Байбек Жезқазғандағы ірі зауыт қызметкерлерімен, өңір жастарымен кездесті

Сондай-ақ , Ұлытауда ауданына барды

Бауыржан Байбек Жезқазғандағы ірі зауыт қызметкерлерімен, өңір жастарымен кездесті
фото: instagram.com/baibekbk/

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлерге сапары аясында Жезқазған қаласында болып, осындағы ірі кәсіпорын – «Kazakhmys Smelting» мыс қорыту зауытының қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде өндірістегі еңбек құқығының сақталуы, жаңа жұмыс орындарын ашу, жалпы қаланың дамуы туралы мәселелері талқыланды.

«Филиал басшылығының айтуынша, пандемия жағдайында өңір экономикасы қалыпты күйде ұсталып, қызметкерлердің жаппай жұмыстан босатылуына, жастар жұмыссыздығының өсуіне жол берілмеген. Әйтсе де, COVID-19-ға байланысты ахуал еңбек нарығына өз әсерін тигізбей қоймады. Туризм, мәдениет, спорт, қоғамдық тамақтану, көлік және тағы басқа салалар зардап шекті», - деп жазды ол.

Жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, «Nur Otan» партиясы еңбек нарығының сұранысын ескере келе, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, кадрларды қайта даярлау бойынша кешенді шараларды қолға алады. Бұл ретте отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге, бәсекеге қабілетті және импортты алмастыратын өнімдер шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық беріледі.

«Бұл міндеттер біздің Жезқазған қаласы бойынша қалалық сайлауалды бағдарламамызда қамтылған. Ол қараша айында халықпен кеңінен талқылау негізінде қабылданды.

Сонымен қатар жаңа модульді инфекциялық клиникада қаланың медицина қызметкерлерімен кездестім. Денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелерді тыңдадым. Олардың басым бөлігі өңірлік сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында өз шешімін табады. Бұлардың қатарында қалалық көп бейінді ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу, жас дәрігерлерге арналған жатақхана және басқа мәселелер бар», - деді Б.Байбек.

Бұдан кейін партия Төрағасының бірінші орынбасары өңірдегі жас белсенділермен кездесу өткізді. Олардың көпшілігі Nur Otan-ның өңірлік праймеризінде жеңімпаз болып, қалалық мәслихат сайлауына арналған партиялық тізімге енген. Жалпы, Жезқазған бойынша партиялық тізім 60%-ке жаңарса, ондағы жастардың үлес саны 0-ден 23%-ке өсті.

«Өңірге сапар барысында Ұлытау ауданына да бардым. Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев ерекше атап көрсеткендей, Ұлытау – қазақ халқының қасиетті өңірі. Сондықтан тарихи мұраны сақтау және еліміздің аумағы жағынан ең ірі ауданын ары қарай дамыту алдағы 5 жылға арналған партиялық міндеттерде көрініс тапқан.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өңірге жасаған сапарларының бірінде «Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс», – деп атап көрсеткен болатын. Бүгінде мұнда бірқатар жаңа нысандар бой көтеріп, визит-орталық пен стадион салынған, бірнеше саябақ пен аллея абаттандырылған. Өлкетану музейінің, ипподром мен қонақ үйлер құрылысы жүріп жатыр», - деп жазды.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек сапар барысында еліміздің орта ғасырлық архитектуралық ескерткіштерінің бірі – Жошы хан кесенесінің реконструкциясымен танысты. Алтын Орданың 750 жылдығы аясында тарихи-мәдени кешеннің құрылысы жүргізілуде. Оны келесі жылдың желтоқсан айында ашу жоспарланып отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.