Басшысының үстінен шағым түсірген шиелілік судья 2 ай бұрын қызметінен шеттетілген
Шиелі аудандық сотында болған жағдайға қатысты ведомство өкілдері мәлімдеме жасады
Бұған дейін бастығының қысымына шыдамаған Г. Құрманбай араша сұрап Жоғарғы сотқа да арызданған болып шықты. Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері Шиелі ауданына барып, арнайы тексеру жүргізгенімен, жарияланған жағдайды жоққа шығарған.
«2020 жылдың 24 қарашасында судья Г. Құрманбай аудандық сот төрағасы М. Күздеубаевтың іс-әрекетіне және сол соттың судьясы А. Жолдыбаеваға қатысты Судьялар одағының Қызылорда облыстық филиалының сот этикасы жөніндегі комиссиясына шағым түсірген. Тексеріс нәтижесінде, жарияланған мән-жай расталмады. 3 желтоқсанда комиссия шешімімен шағым бойынша іс жүргізу сот әдебі кодексіне қайшы келетін әрекеттерді жасағаны туралы дәлелдердің болмауына байланысты тоқтатылды», - деді Қызылорда облыстық сотының Ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ардақ Смағамбетова.
Оқи отырыңыз: «Ойнасым бол»: Қызылорда облысында судья сот төрағасынан азғындық көрдім деп шағымданды
Дегенмен, облыстық соттың бұл жағдайды бағалауға немесе тексеру жүргізуге құқығы жоқ. Өйткені, судьяның аудандық сот төрағасына қатысты мәлімдемесі Қылмыстық кодекске сәйкес келеді. Алайда, шағымданушы әйел құқық қорғау органдарына хабарласпаған. Ведомствоның мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Г. Құрманбайдың өзіне қарсы қылмыстық іс қозғаған.
«Қызылорда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Г. Құрманбайдың үстінен жалғандық жасау фактісі бойынша (Қылмыстық кодекстің 369-бабының 3-бөлігі) және біле тұра әділетсіз үкім, шешім немесе басқа сот актісін шығару (баптың 1-бөлігі) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 2020 жылдың 22 қыркүйегінде Жоғарғы сот төрағасының бұйрығымен судья Г. Құрманбайдың өкілеттілігі тоқтатылды», - делінген облыстық сот өкілінің жауабында.