Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар саны артқан

Еліміз қайырымдылық рейтингінде 11 сатыға жоғарылады

Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар саны артқан

COVID-19 вирусы Жер бетіндегі қаншама отбасыға орны толмас қайғы алып келді және аталған дерттен әлі де күн сайын мыңдаған адам бақилық болуда. Коронавирус бүкіл әлемдік экономиканы тығырыққа тіреді, ал адамзат оның зардабын енді тарта бастайды дейді экономист ғалымдар. Болашаққа болжам жасау қиындап тұрған сәтте адамдардың адами құндылықтары да өзгере бастады. Әсіресе, жанашыр болу, қол ұшын созу, көмектесу секілді адам бойындағы адамгершілік қасиеттер қайта оянғандай. Әлемде түрлі қайырымдылық ұйымдар, волонтерлық қозғалыстар құрылып, мұқтаж жандарға барынша көмектесіп жатыр.

Бұл үрдіс Қазақстанда да көрініс тапқан. Соңғы жылдары елімізде тіркелген қайырымдылық ұйымдарының саны айтарлықтай артты. Ал, қайырымдылық индекісін анықтайтын «Charities Aid Formation» халықаралық ұйымының рейтінгінде еліміз 2017 жылы 89-шы орында болса, былтыр 78-ші орынға көтерілді. 2020 жылдың нәтижесінде Қазақстан өз позициясын тағы да жақсартуы мүмкін. Өйткені, биыл пандемия кезінде құрылған ірі қайырымдылық қорлары белсенді жұмыс істеді. Еріктілердің қатары да күрт өскен.

Карантин уақытында Қазақстанда мыңдаған адам жұмысынан, тағы мыңдаған адам тұрақты табысынан айрылды. Бұл онсыз да титықтап тиын санап отырған халыққа өте ауыр тигені сөзсіз. Осы сәтте жылу жинап, мұқтаж жандарға көмек көрсеткендердің бірі – «Шұғыла» қайырымдылық қоры. 2007 жылы құрылған қор осы уақыт аралығында жастарға, жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созып келген. Ұйымның өкілі Ерлан Мырзақұловтың айтуынша, олар тек мұқтаж жандарға қол ұшын созумен шектелмей, салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысып келеді екен.

«Біздің ұйым жұмысын 2007 жылы бастады. Мен мұнда 2013 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Пандемия уақытында жұмысымыз қыза түсті. Карантин кезінде жағдайы жоқ 300-ге жуық отбасыға 10-15 мың теңге көлемінде қаржылай көмек бердік. Бұдан бөлек, біздің волонтерлар да мұқтаж жандарға көп көмек көрсетті. Қор болып, халық болып, үндеу жариялап, вирустың күшейген уақытында шетелден оттегі концентраторларын алып келдік. 450 млн теңге көлемінде жиналған қаржыға төрт мыңға жуық оттегі аппараты алынып, ел аумағындағы барлық емханаларға таратылды. Бәрімізге бірдей ауыр тиген төтенше жағдайда қарапайым адамдардың өзі қолынан келгенше қайырымдылықпен айналыса білді», - дейді Ерлан Мырзақұлов.

Қор екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Арнайы ұйымдастырылған жобалар аясында тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек беріліп, жетім балалардың білім алуына жағдай жасалады.

«Біздің қор әлеуметтік маңызы зор жобаларды іске асыру және қайырымдылыққа бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жұмыс істейді. «Береке», «Жанұя жанұяға көмектеседі», «Ең керемет күн», «Білім жолы» сияқты жобалар аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек, азық-түлік, отын жағынан көмек береміз. «Білім жолы» бағдарламасы аясында жағдайы төмен отбасылардың балаларына ағылшын тілі, математика, физика және орыс тілі пәндерінен білім беріп жатыр. Балалардың сабақ кестесіне байланысты аптасына 4 күн 2 сағаттық қосымша сабақтар өтеді», - дейді ол.

КӨМЕК АЛУ ҮШІН ЗАҢДЫ НЕКЕГЕ ӘДЕЙІ ТҰРМАЙТЫН ОТБАСЫЛАР КЕЗДЕСЕДІ

13 жылдық тәжірибе ішінде қайырымдылық қор тұрмысы төмен отбасылардың түр-түрін кездестіргенін және олардың арасында көмек алу үшін тұрмысы жайлы жалған ақпарат беретіндердің көп жолығатынын айтты.

«Біздің қайырымдылық қорға көмекке жүгініп келетіндердің арасында тұрмыстық жағдайы жайында жалған ақпарат беріп, алдайтын адамдар жиі кездеседі. Табысын, отбасылық жағдайын жасырады. Көмек алу үшін заңды некеге тұрмайды. Қағаз жүзінде жалғызбасты, ал шын мәнінде күйеуі немесе әйелі бар толыққанды отбасы болып шығады. Мұндай жағдайлар өте жиі кездеседі. Бірақ олардың барлығын бірдей алаяқ деп айта алмаймыз. Көбі амалының жоғынанан, тұрмысының төмендігінен барады деп ойлаймын. Сол себепті өтініш қабылдау барысында барынша қатаңбыз.

Мұқтаж жандардың өтініші орталыққа түскен сәттен олардың арасынан көмекке шынымен зәрулерін іріктеп аламыз. Мысалы, көпбалалы отбасы болса 6-7 баладан бастап таңдалады және балалар кәмелеттік жасқа толмаған болуы керек. Ал, жалғыз басты ана болса 3 немесе 4 баладан бастап көмек береміз. Өтініш қабылдау барысында құжаттарын толық: жеке куәлік, неке куәлігі, балалардың туу туралы куәлігі мүгедек баласы болса анықтама барлығын алып тексереміз. Сондай-ақ, өзіміз үйлерін аралап, жағдайын көзімізбен көреміз», - дейді ол

Қор өкілінің айтуынша, қаражаттың көп бөлігі қарапайым қайырымды жандардан жиналады. Бұдан бөлек, орталық ірі компанияларға хат жазып, серіктестік ұсынады. Компания өзі қалаған кез-келген жобаны таңдап, қаражат құя алады.

«Қаражат жинаудың бірнеше тәсілі бар. Онлайн, банк карточкаларына жібереді. Кассаға әкеліп тастайтындар да болады. Бұдан бөлек, дәмханалар мен мейрамханаларға жәшіктер қоямыз. Ол жәшіктерден де біраз мөлшерде ақша жиналады. Қаржыдан бөлек, киім-кешек басқа да көмектер келеді. Көбіне компанияларға өзіміз хат жазып, жобаларға серіктес демеуші болуды сұраймыз. Кез-келген компания өзіне ұнаған жобаны таңдап, сол жобаға қаржы құя алады. Халық пен демеушілерге ресми түрде есеп беріледі. Фото, видео есеп, чектерді көрсету арқылы есебін береміз», - дейді Ерлан Мырзақұлов.

ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР КӨБЕЙДІ

Қайырымдылық қорынан көмек сұрап келетіндердің проблемалары әр түрлі. Бірінің баспанасы жоқ, бірінің жерге тамағы, киерге киімі жоқ, мекен-жай тіркеуінде болмағандықтан мемлекеттен көмек ала алмай жүргендері қаншама...

Ерлан Мырзақұловтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар да, жеке адамдар да көбейген.

«Халықтың пейілі жақсарған, қайырымдылыққа жиі барады. Алғаш құрылған уақытта демеушілер өте аз болды, көбі қайырымдылық қорларына сенім білдіре бермейтін. Қазір адамдардың ой-санасы өзгерді. Біздің демеушілеріміз көмек қажет отбасыларға өзі барып, олардың тұрмысын өз көзімен көріп, көмек береді. Қайырымдылық деген тек мұқтаж жандарға емес, бізге де өте қажетті құндылықтың бірі. Себебі біреуге беру арқылы жан тыныштығын сезініп, көңіліміз кемелденеді. Өзімізден әлеуметі төмен жандарға барынша көмек беру борышымыз деп санаймын», - дейді қор өкілі.

«КОРНОВИРУСТЫҢ ТАРАМАУЫНА КҮШ САЛДЫҚ…»

Қазақстанда қайырымдылықпен айналысып бастаған алғашқы қорлардың бірі – «Сәби». Бүгінде қор басшылары республикалық масштабта күрделі жобаларды жүзеге асырумен айналысып келеді. Ұйымның негізін қалаушы Әсел Иманғалиқызы пандемия уақытында қайырымдылық қорының халыққа тигізген көмеге өте жоғары болғанын айтады.

«Сәби жеке қайырымдылық қоры» коммерциялық емес ұйым. 2002 жылдан бері жұмыс істейміз. Қор жұмысының негізгі бағыты – өсіп келе жатқан жаңа буынның денсаулығы, рухани дамуы мен білім алуына мүмкіндік жасау. Біз қайырымдылық аясында бірнеше жобаны жүзеге асырып келеміз және олардың әрбірінің өзіндік мақсаты мен міндеті бар. «Медициналық жоба», «Өркендеу», «Мүгедектерге лайықты өмір», «Жастарға жаңа қоныс», «Экологиялық бағдарламалар» сияқты басқа да бағдарламалар біраз жылдан бері жүргізіліп, қарқынды жұмыс атқарып келеді.

Пандемия кезінде қор коронавирустың таралуына қарсы көп күш жұмсады. Осы жылдың наурыз айында біз, індетке қарсы алғашқы қадамды бастағандардың бірі болып, Covid-19 қатерін анықтау үшін экспресс-тестілерді сатып алуға қаражат жинауға арналған қайырымдылық акциясын өткіздік. Науқанның аясында біз жеке тұлғалармен және компаниялармен бірігіп 402 миллион теңге жинадық. Халықтың арасында тегін тестілеу жүргізу үшін 100 000 экспресс және 40 000 ПЦР-тест сатып алынды. Пандемиямен күресуге жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы 1 131 956 033 теңгені құрады», -дейді Әсел.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТА БӘСЕКЕЛСТІК БОЛМАУ КЕРЕК

Қайырымдылық саласында бәсекелстік болмау керек деген Әсел ханым әр ұйымның өзіндік бағыты мен міндеттерінің барын айтты және қордың өзі де осы бағыттағы ұйымдарға қаржылай көмек беріп тұрады.

«Қазір қиын уақытта бәріміз бірігіп, біртұтас болуға ұмтылуымыз қажет. Қайырымдылық саласында ешқандай бәсекелестік болмау керек және олардың ішінен ең үздігін таңдауға болмайды. Әрқайсысы өз ісін өз деңгейінде жүргізеді. Мақсатты жұмысты жүзеге асыратын кәсіпқой қорлар үлкен құрметке лайық деп есептеймін. Біздің қор ең алдымен республикалық маңызы бар күрделі жобаларды іске асырумен айналысады. Мұндай жобалар көбінесе жергілікті атқарушы органдардың сұраныстарына байланысты орындалады.

Ал, мұқтаж жандар болса негізінен өздері хабарласады. Біз жүйелі жобалармен қаншалықты айналасқанмен, жеке тұлғаларға да барынша көмектесуге тырысамыз, біздің шотқа азын-аулақ келіп түскен қайырымдылық қаражаттың арқасында қор көптеген балаға жаңа реабилитациялық қондырғылар сатып алды және әр-түрлі емдеу шараларына да көмектесіп жатыр.

Менің ойымша, қоғамның қайырымдылыққа деген көзқарасы және азаматтардың өз елінің әлеуметтік өміріне араласу деңгейі жоғары болу қажет. Қайырымдылық қызметінің ауқымын кеңейту, оның тиімділігін арттыру, жүйелі тәсілді енгізу және белсенді азаматтарды барынша тартуымыз керек. Өйткені тек бірлескен күшпен ғана қайырымдылық секторын жаңа деңгейге шығаруға болады», - деді Әсел.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.