«Медеу» мұз айдынының дәретханасында зорланған қыз елден кетті
Бұл зорлау оқиғасынан кейін елден кеткен үшінші қазақстандық әйел

Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынының дәретханасында зорланған қазақстандық бойжеткен елден кетті, деп хабарлайды Nur.kz порталы.
Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «НеМолчи» қоғамдық қорының басшысы Дина Таңсәрі жазған.
«Әйелдерді қорғай біліңдер... «Медеудегі» дәретханада зорланған қыз елден кетті. Мен ол үшін өте қуаныштымын, енді оның жақсы жұмысы бар және өзін қауіпсіз сезінеді. Бұл зорлау оқиғасынан кейін елден кеткен үшінші қазақстандық әйел», - дейді қоғам белсендісі.
Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында отбасылы алматылық жігіт жас қызды «Медеу» мұз айдынына кездесуге шақырып, арам ойын әжетханада жүзеге асырған.
Осыдан кейін ер азамат жауапқа тартылды.
Маусым айының соңында Алматы қалалық Медеу аудандық сотында 1988 жылы туған айыпталушыға үкім шықты.
Сот оны 120-баптың 1-бөлігі бойынша орташа ауыр дәрежедегі қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сондай-ақ, ол бір ай ішінде 300 мың теңге көлемінде моральдық шығынды төлеуге міндеттелді.