ШұғылБір аптада коронавирустан 73 қазақстандық қайтыс болды

Танымал олигарх Алматыда тау бөктеріндегі жеміс ағаштарын кесіп, құрылыс бастады

Мұнда салынатын зәулім үйлердің әрбірінің бағасы 178 млн теңгеден

Фото: ашық дереккөзден

Алматының Медеу ауданы аумағында орналасқан «Каменское плато» обсерваториясының аумағында алма ағаштары оталып, құрылыс басталды. Тұрғындар үш айдан бері «Алатаудың бөктерінен құрылыс үшін жер алған кім?» деген мәселеге жауап іздеген болатын. Осыдан жетпіс жыл бұрын салынған Фесенков атындағы астрофизикалық институттың маңындағы ат шаптырым аумаққа кімнің ауыз салғаны енді белгілі болды, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі.

Ақпарат агенттігіне хабарласқан «Каменское плато» елдімекенінің тұрғыны Васелиса Қуанышева көптен бері жұмбақ болған жер дауына қатысты кейбір жайттардың белгілі болғанын айтады. Ол алма бағын жойып, сол жерден ұра қазып жатқан компанияға қатысты мәліметтерді мемлекеттік органдар осы күнге дейін бермей келді дейді. Бірақ белгілі болғаны, даулы жерге алдағы зәулім үйлер салынатын сыңайлы. Krisha.kz порталында әлі іргетасы қаланбаған үйлердің сатылымы да басталып кетіпті.

«Фесенков атындағы астрофизикалық институт сияқты стратегиялық нысан мен Іле Алатауы сияқты ерекше қорғалатын жердің шекарасынан ойып тұрып орын алған компания белгілі болды. Krisha.kz сайтында бұл жерге әлі салынбаған нысанның пәтерлері сатылымға қойылған. Мұны біз заңсыз құрылыс  және заңсыз сауда деп санаймыз. Мұнда мыңдаған түп жеміс ағашы кесілді. Күні кеше «Сулпак» компаниясы 13 ағашты кесті деп, мәселе Президентке дейін жетті. Енді Мемлекет басшысы біздің жаққа да назар аударса дейміз», - дейді жергілікті тұрғын.


Скрин Krisha.kz сайтынан

Сайтта жарияланған хабарландырудағы геолокация «Каменское плато» елдімекеніндегі даулы жер телімі орналасқан нүктемен сәйкес келеді. Жарнамадағы сипаттауларға қарағанда жаңадан салынайын деп жатқан тұрғын үй кешені Достық даңғылынан 4 шақырым деп көрсетілген. Көлемі 3,2 гектар жерге 23 үй және 46 екі қабатты дуплекс салынады, әр пәтердің аумағы 230 ш.м., ал оған қосымша 55 ш.м. терраса болатыны жазылыпты. Көлемі 230 шаршы метрлік баспананың құны 178 млн теңгеге бағаланған.

«SOLAR HOMES» деп аталатын ТҮК аумағында 25 метрлік ашық бассейн, сауна, балалар алаңы, қызмет көрсететін және офистік мекемелер орналасады. Ең бастысы, таудың бөктерінде, жазда салқын, тіпті айналасында қырғауыл жайылып жүреді деп суреттелген.

Сайтта сатылымға қойылған тұрғын үй кешені Parmigiano Group компаниясына тиеселі екені көрсетілген. Жаңа жобаны қолға алған компанияның негізін қалаған Алмас Әбдіғаппаровтың «Forbes» журналының бетінен түспейтін елдегі ең дәулетті 50 кәсіпкердің қатарына кіретін тұлға екені белгілі. Ол елдегі ең ірі мейрамханалар мен қонақүйлер желісінің иесі. Сондай-ақ, әл-Фараби даңғылы бойындағы Esentai City апартаменттерінің инвесторы. Компания сайтындағы ақпаратқа қарағанда, кәсіпкер соңғы 9 жылда негізінен бай-бағландарға арналған 22 мейрамхана, бар және мейманханалар желісін ашқан.


Суретте: Алмас Әбдіғаппаров

Біздің редакция тілшілері Обсерватория маңында салынғалы жатқан ТҮК-ке қатысты Krisha.kz сайтындағы хабарламада көрсетілген телефон номеріне хабарласты. Өзін Esentai City тұрғын үй кешені сату бөлімінің маманымын деп таныстырған Айкен есімді қыз «SOLAR HOMES» тұрғын үй кешенінде пәтерлердің сатылымға қойылғанын растады. Менеджер Алатау бөктерінде салынғалы жатқан үйлер Esentai City жобасы екенін айтады.

Еске салайық, биыл қыркүйекте жергілікті тұрғындар жердің табиғи ландшафтын бұзып, айналаға қауіп төндірген ауыр техникаларды күшпен тоқтатқан болатын. Үш айдан соң «жер иесі» қайтадан құрылыс бастап, үлкен аумақты қоршап жатқаны туралы да жаздық.

Оқи отырыңыз: Алматыда тау бөктеріндегі жеміс ағаштарын кесіп, құрылыс бастаған кім?

Azattyq Rýhy тілшісі құрылысқа рұқсат беретін Алматы әкімдігіне қарасты Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына сұрау жолдады. Мемлекеттік мекеме Parmigiano Group компаниясына сәулет жоспарлау тапсырмасын (АПЗ – авт.) қандай негізге сүйеніп бергенін айтуы тиіс.

«Каменское плато» елдімекеніндегі Обсерватория аумағындағы үйлер мұнда соғыстан кейін салынған. Бұл үйлерде әлі күнге дейін ғылыми қызметкерлер тұрады. Бірақ соңғы жылдары табиғат келбетін құртып, жеке үйлер мен құрылыс тауға қарай барған сайын жақындап келеді. Кеңес үкіметі уақытында бұл аймақтар ерекше қорғалды. Мұнда алма ағаштары арнайы отырғызылып, тауға жеміс ағаштары егілді. Террасалар орманға айналды. Енді бұл жерге құрылыс жүргізу өте қауіпті, бұл жерге су немесе бетон жолатуға болмайды», - дейді жергілікті тұрғындар.

Айта кету керек, аталған тау бөктерінде «Ақ қайың» шипажайы және әскери госпиталь орналасқан. Ал тауға «Экотуризм» бағдарламасы аясында демалатын орындықтар немесе жеңіл конструкциялы құрылысқа ғана рұқсат етіледі.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы