$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2020, 17:41
Қоғам

Алматыда тау бөктеріндегі жеміс ағаштарын кесіп, құрылыс бастаған кім?

Геологтар мұның қауіпті екенін айтады

Алматыда тау бөктеріндегі жеміс ағаштарын кесіп, құрылыс бастаған кім?

Алматының Медеу ауданы аумағында орналасқан «Каменское плато» обсерваториясының аумағында алма ағаштары оталып, құрылыс жүріп жатыр. Биыл қыркүйекте жергілікті тұрғындар жердің табиғи ландшафтын бұзып, айналаға қауіп төндірген ауыр техникаларды күшпен тоқтатқан болатын. Үш айдан соң «жер иесі» қайтадан құрылыс бастап, үлкен аумақты қоршап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 

Обсерватория аумағында салынып жатқан құрылысқа наразы тұрғындар бұл аумақ 1947 жылы салынған Фесенков атындағы астрофизикалық институттың жері болғанын және ол ерекше қорғалатын табиғи паркке кіретінін айтады. Осы күзде геолог-мамандар құрылыс жүргізіліп жатқан жерге зәулім нысандар салуға болмайтынын айтқан еді. Геолог Вадим Седов ұзақ жыл инженерлік гелогиямен айналысқанын айтқан. Топырақтың құрамы мен тау жыныстарын зерттеген маман Іле Алатауының етегіндегі тау сілемдеріне ауыр құрылыс жүргізуге болмайтынына көз жеткізген.

Оқи отырыңыз: Алматылық тұрғындар обсерватория аумағында салынып жатқан құрылысқа наразы

Бірақ экологтар бұл аймақ Іле Алатау ұлттық паркіне кірмейді дейді. Ал, ол жерде жұмыс атқарған жүк көліктері мен экскаваторлар тұрғындар наразылығынан соң қайтып көрінбеген.

Обсерватория қасындағы елдімекен тұрғыны Татьяна Якубаның айтуынша, халық БАҚ-қа шағымдарын айтқан соң, құзырлы орган қызметкерлері келіп, жағдаймен танысқан. Бірақ тиісті жауап бермеген. Жердің кімге тиеселі екені де белгісіз.

«Біз осыдан бірер ай бұрын бау-бақшаны кесіп жатыр деп шағымданған болатынбыз. Бұл жерге құрылыс жүргізуге рұқсат алғандар жеміс ағаштарын отап, енді қоршай бастады. Ал осы маңда Кеңес уақытынан бері тұратын халықтың жүретін жері қалмады. Бала-шағамызбен қыдыратын осындай алаңымыз бар еді. Енді оны да қоршап жатыр. Байқасаңыз, мына сайға қарай жердің қозғалғанын байқауға болады. Сонда бұл жерге коммерциялық құрылыс салынса, оның топырақпен бірге жылжып кетпесіне кім кепіл? Бұл қандай құрылыс, төлқұжаты да жоқ. Жеке үй болуы мүмкін деп топшылап отырмыз. Жұмысшылардан сұрасақ, біз ештеңе білмейміз деп жауап берді», - дейді жергілікті тұрғын.

«Алматыда қоршаған ортаның жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Ауа әбден ластанған, түтін. Енді таудың айналасын ластап жатыр. Түтінді сорып алатын ағаштарды кесу кімнің ойына келген идея? Табиғатты бүлдіруге кім рұқсат берді? Қайда барып шағымданатынымызды білмей отырмыз», - дейді Марина Тэхель есімді тұрғын.

Өзін Қазис деп таныстырған азамат жеміс ағаштары оталған аумақты толық қоршауға тапсырма алғанын айтады. Ол құрылыс жұмыстарының бригадирі ретінде белгіленген аумақты қоршауды кеше бастаған. Тау бөктеріне ешқандай компания иелік етпейді, жеке адаммен келісімге отырғанын мәлімдеді.

«Бұл жер – жекеменшік аумақ. Маған осы жерді қорша деген тапсырма берілді. Ал қандай құрылыс болатынынан хабарым жоқ. Бұл ешқандай да фирма, компания емес, жекеменшік адамға тиесілі жер. Бұл жерді мен қоршауым керек. Маған жер иесі бөтен көліктер немесе адам кіріп кетпес үшін жасалып жатыр деп түсіндірді», - дейді құрылыс бригадирі.

«Каменское плато» елдімекеніндегі Обсерватория аумағындағы үйлер мұнда соғыстан кейін салынған. Бұл үйлерде әлі күнге дейін ғылыми қызметкерлер тұрады. Бірақ соңғы жылдары табиғиат келбетін құртып, жеке үйлер мен құрылыс тауға қарай барған сайын жақындап келеді. Кеңес үкіметі уақытында бұл аймақтар ерекше қорғалды. Мұнда алма ағаштары арнайы отырғызылып, тауға жеміс ағаштары егілді. Террасалар орманға айналды. Енді бұл жерге құрылыс жүргізу өте қауіпті, бұл жерге су немесе бетон жолатуға болмайды»,  дейді жергілікті тұрғындар.

Айта кету керек, аталған тау бөктерінде «Ақ қайың» шипажайы және әскери госпиталь орналасқан. Ал тауға «Экотуризм» бағдарламасы аясында демалатын орындықтар немесе жеңіл конструкциялы құрылысқа ғана рұқсат етіледі.

Жоғарыдағы жер теліміне меншік құқығын беретін құжаттардың көшірмесі қалалық жер қатынастары басқармасында сақтаулы. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі басқармаға арнайы сұрау хат жолдады. Ал тұрғындар Медеу аудандық прокуратурасына шағымданбақшы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары