Волонтер жылы бітеді, ал еріктілер қатары азайып қалмай ма?
Қазақстанда 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланды
GIVING USA 2018 есебіне сәйкес, америкалықтар қайырымдылыққа 400 млрд доллардан астам қаражат бөлген. Оның 71%-ы – қатардағы америкалықтардың, 16%-ы қоғамдық қорлар жинаған және тек 5%-ы ғана корпорациялар аударған қаражат. Бұл дерек олардың бүкіл ел болып қайырымдылыққа атсалысатынын растайды.
Ал, бейресми статистика бойынша Қазақстандағы әрбір сегізінші тұрғын – волонтер. Осы ретте, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов Қазақстанда қайырымдылық мәселелері бойынша зерттеулерді, оқыту мен қоғамдық түсінікті ілгерілететін Giving USA Foundation сияқты өз институтымызды құру идеясын ұсынды.
«2020 жыл - Қазақстанда Волонтер жылы деп жарияланды. Қазір бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да еріктілердің рөлі бұрынғыдан да маңызға ие болды. Биыл волонтерлік ұйымдардың жұмысын қалай күшейгеніне куә болдық. Пандемия кезінде еріктілер аянбай еңбек етіп, үлгі көрсетті. Тәжірибе көрсеткендей, біз тек осы жылмен шектелмей, одан әрі елімізде еріктілерді де, қайырымдылық қорларын да белсенді дамытуға үлес қосуымыз керек», - деді Исламбек Салжанов ОКҚ-да өткен брифингте.
Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорымен қатар елімізде «Шұғыла» қоғамдық қоры да жұмыс істейді. Қайырымдылық, медицина, әлеуметтік мәселелер бойынша көмек жағдайы төмен, оның ішінде көпбалалы, толық емес, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға көрсетіледі.
«Көмек ретінде киім мен тұрмыстық заттар беруді ұйымдастырамыз. Соңғы 5 жылда 96 миллион теңгеден астам көмек көрсетілді. (96 мың тоннадан астам киім) «Жылу сыйла - көмір тарату» бағытында соңғы 5 жылда 36 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. (3,7 мың тоннадан астам көмір) «Мектепке жол – мектеп кеңсе тауарларын тарату» ісінде соңғы 5 жыл ішінде 15 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. (3 мыңнан астам мектеп жиынтығы)», - деді «Шұғыла» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мейірхан Абдрахманов.
Ал «Клуб добряков» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Әбдірашеваның айтуынша, 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялау арқылы мемлекет тарапынан қолдау болған.
«Еріктілікке көптеген адамдар келе бастады. Адамдарға көмектесу қажеттілігі бар. Әлеуметтік желілер мен әлеуметтік медиа – инфлюенсерлердің арқасында пабликтер мен аккаунттар арқылы жақсылық жасауды – еріктілік формасын көрсетеді, сөйтіп, ол сәнге айналады. Еріктінің патриот екенін жеткізу күннен-күнге оңайырақ болып келеді», - деді Гүлмира Әбдірашева.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан