$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.12.2020, 17:57
Қоғам

400 млн теңге қайда? Алматы облысында жол құрылысына көңілі толмаған халық наразылық білдірді

Тұрғындар мердігер компанияның жұмысы сапасыз дейді

400 млн теңге қайда? Алматы облысында жол құрылысына көңілі толмаған халық наразылық білдірді

Талдықорғаннан 250 шақырым қашықтықта жатқан Қаратал ауданына қарасты Көпбірлік аулының тұрғындары отыз жылдан бері өркениет көшінен қалып қойдық дейді. Яғни, сау-тамтығы қалмаған жол отыз жылдан бері жөндеу көрмеген. Халықтың айтуынша, оны жөндеуге бюджеттен миллиондар бөлінген екен. Алайда, күзде бітуі тиіс құрылыс қыс түскенде басталған.

Өткен жылы облыс бюджетінен 471 млн теңге бөлініп, Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік ауылының жолы жөнделеді деген хабарды естігенде, тұрғындары бөріктерін аспанға атқан. Алайда, қуанышы көпке созылмаған.

Биыл сәуір айында басталған құрылыс қараша айының соңында аяқталып, ел игілігіне берілуі керек еді. Негізгі тапсырыс беруші – Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Ал жөндеу жұмыстарына тендерді ұтып алған мердігер – «Фирма Талдықорған жолдары» ЖШС.

Тұрғындар Үштөбе – Алмалы ауылының арасына жамау жұмыстарына қанша ақша бөлінгені белгісіз, ал Алмалы – Көпбірлік ауылының арасындағы 28 шақырымға 409 млн теңге қарастырылған деп отыр.

«Алмалы мен Көпбірлік арасына сәуір айынан бастап ешбір жұмыс жүрмеген. Негізі, ол жерге орташа жөндеу жұмыстары, яғни қиыршық тас төгілуі керек болатын. Жоғарыда айтқанымыздай, қараша айының соңында пайдалануға берілетін жолдың жөндеу жұмыстары желтоқсан айының басында басталып отыр. Онда да қиыршық тас төгілместен, отыз жыл бұрынғы қиыршығы ұшып біткен қара жолдың үстіне құммен араластырып, цементті құйып жатыр», - дейді тұрғындар.

Azattyq Rýhy тілшісімен сұқбаттасқан Көпбірлік ауылының тұрғыны Жанболат Баймұқанов жол салып жатқан құрылыс компаниясының өкілдеріне жолығып, жолды жасау технологиясымен таныстыруды және жобаларды көрсетуді сұрағанын айтады. Алайда, компания бұл талапқа құлақ аспаған. Енді ол жөнделіп жатқан жолдың сапасы сын көтермеуі мүмкін дегенді айтып отыр. Сондықтан тұрғындар бірігіп тиісті орындарға хат жазып, мәселеге қазірден араласуды сұрап отыр.

«Құрылысшылардың мердігер компанияның жұмысына әуел бастан көңілі толмады. Себебі олар қиыршық тастың орнына құм мен цементті араластырып жайды. Оған халық наразы болып тоқтатты. Сосын ол компания кетіп қалды да, қараша айының 25-інде қайта келді, міне, жұмыс істеп жатқанына он күн болды. Алмалы мен Көпбірлік ауылының арасындағы 30 шақырым жерге 409 млн 140 мың теңге бөлінген. Осы ақшаға тас, қиыршық тас кірмейді. Бұған цемент пен құм араласып төгілуі керек деп айтады. Бірақ жобаларын көрсетпейді. Облыстан сұратып алған жобаларына қарасақ, 6-7 см қиыршықтас, ал 20 см бетіне цемент пен тас араластырып жайылуы керек болған. Енді кеше сөйлескенде бұл технологияның ешқайсысы сақталмай, өздерінде бар даладағы құм мен цементті араластырып жайып кетпекші», - дейді Ж.Баймұқанов.

Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жақсыбаев Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында тұрғындардың мән-жайды дұрыс түсінбей отырғанын айтты. Басқарма жетекшісі құм мен цементті араластырып төсеу технологиясы жолдың негіздемесі бола алады дейді. Мәселен, қазір Алматы облысының бірнеше ауданында осы технологиямен жол төселген екен. Алмалы мен Көпбірлік аулының арасындағы 30 шақырым жолға 25 желтоқсанға дейін негіздемесі төселіп бітеді. Ал асфальт келесі жылы жазда салынады дейді ол.

«Біз ол жерге жаңа технология қолданып жатырмыз. Мұны жердің стабилизаторы дейді. Цемент пен құмды өзін қосқанда негіздемесі болады. Біз оны жазда бастағанбыз. Халық біледі. Үш шақырымын төседік. Жазда күн ыстық, анау құмға суды құйғанда бірден сіңіп кетеді. Сосын шаң боп ұшып кетеді. Сол үшін тоқтатып қойдық. Қазір күз келгенде ауа ылғалды болған соң, жерден алынатын құм да ылғалды болады. Қазір 5 шақырым төседік. Жақында осы технологиямен толық 30 шақырымды төсейміз. Келесі жылы жазда асфальтты соның үстіне төсеп береміз. Бұл технологиямен Қапал-Жансүгіров арасындағы жолды биыл жасадық, Сарқан ауданында жасадық. Былтыр Алматы облысы Жамбыл ауданында да дәл осындай жол төселген. Сол күйінде мызғымай жатыр. Оны халыққа дұрыс түсіндіру керек. Бұл технология жобалық сараптамадан өткен. Біз Алмалы мен Көпбірлік арасындағы 30 шақырымды осы әдіспен 25 желтоқсанға дейін бітіреміз», - дейді басқарма басшысы.

Ауыл тұрғындары бүгін елдімекенге «Фирма Талдықорған жолдары» ЖШС басшысы мен аудан басшылары келіп жиналыс өткізгелі жатқанын хабарлады. Қаратал ауданында интернет желісі де нашар жұмыс істейді. Ал Көпбірлік елдімекеніне әлі күнге интернет желісі тартылмаған. Онлайн білім алып жатқан оқушылар мен студенттер қазір аудан орталығынан немесе Талдықорған қаласынан пәтер жалдап оқуға мәжбүр. Сол сияқты ауылдағы ауыз су да ішуге жарамсыз. Оны тек техникалық мақсатқа қолданамыз дейді жергілікті тұрғындар.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары