ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

Шымкентте ақша алмайтын дүкен ашылды

Онда қажетті тауарды тек «рахмет» сөзін айтып ала беруге болады

Фото: Tengrinews.kz

Үшінші мегаполистің «Добряки Шымкента» деп аталатын еріктілері ерекше дүкен ашты. Онда қажетті тауарларды бір ғана «рахмет» сөзін айтып алуға болады. Дүкен көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ мұқтаж адамдар арналған. Олар Шымкенттің қайырымдылық қоймаларының бірінен азық-түлік немесе киімге тегін қол жеткізе алады, деп жазады оtyrar.kz.

Қаладағы ең ерекше дүкен келушілерді таңертеңнен кешке дейін және демалыссыз қабылдауға дайын. Сауда орнының ерекшелігі – алған тауарға ақы төлеудің қажеті жоқ.

«Үшінші мегаполистің әрбір мұқтаж тұрғыны өзіне және отбасына қажет нәрсені тегін ала алады. Себебі «Добряки Шымкента» еріктілері мұқтаж жандарға киіммен, ыдыс-аяқпен, тіпті азық-түлікпен де көмектесуге дайын», - деп жазады басылым.

Дүкен қоймасына күніне ондаған адам келеді, олар тек мұқтаж адамдар ғана емес, сонымен қатар қажет заттарды ақысыз өздері жеткізіп беретіндер де бар. Еріктілердің айтуынша, Шымкентте әрдайым көмек қолын созуға дайын адамдар өмір сүреді. Ләззат Абитова осыдан үш жыл бұрын волонтерлікпен айналысуды бастаған.

Оның айтуынша, содан бері өмірі күрт өзгеріпті. Кейбір кезде мұқтаж адамдар тек ризашылықтарын білдіріп қана қоймай, еріктілердің өздерін айыптап жататындары бар екен. Дегенмен ерікті қандай жағдай болса да мұқтаж жандарға көмектесуді тоқтатпаймыз дейді.

Расымен де, еріктілердің алғыстан гөрі, реніш естіген кездері жиі кездеседі. Кейде адамдар мемлекеттік ұйымға емес, шын жүректен, ештеңе талап етпестен және ол үшін жалақы алмастан көмектесетін адамдарға жүгініп отырғанын ұмытып кетеді.

«Дәл осындай жағдайдың бірінің видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен. Мына кадрлардан баспанасыз қалған әйел өзіне көрсетілген көмекке наразылық білдіріп тұрғанын байқауға болады. Әйелдің айтуынша, еріктілер өз есебінен жалға алып берген бөлме оның ойындағыдай болмай шығыпты», - дейді басылым тілшісі.

Бірақ мұндай жанжалдар еріктілерді тоқтатпайды. Волонтерлер көмекке шынымен де мұқтаж адамдарға қол үшін созуға дайынбыз дейді. Ол үшін әлеуметтік желі арқылы еріктілермен байланысуға болады. Қазір мейірімді жандардың қамқорлығында ай сайын қолдау көрсетілетін 500-ден астам отбасы бар.