Екібастұзда кеншілерге жаңа пәтердің кілті табысталды
Бес қабатты жаңа тұрғын үйде 70 пәтер бар
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ERG құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Шығыс» көмір кенішінің қызметкерлері жаңа пәтерлердің кілтін алды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
ERG баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұздағы жаңа тұрғын үй биыл тамыз айында Кеншілер күніне орай пайдалануға берілді. Сол кезде пәтер кілттерін «Шығыс» кенішінің алғашқы 35 қызметкері алған болатын. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында үйге тағы 29 кеншінің отбасы қоныстанды. Тапшы мамандықтардың иелері, жас мамандар мен кәсіпорынның жоғары білікті қызметкерлері үйлі болды.
«Бұл үй ERG-дің тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған. Мұнда барлық жағдай жасалған. Жаңа жақсы қасбеті бар үй, аумақ шебер жабдықталған, балалар мен спорт алаңы бар. Барлық қоныс иелерін осы қуанышты күнмен құттықтаймын!» - деді «ЕЭК» АҚ президенті Дүйсен Мерғалиев.
Мәшһүр Жүсіп көшесі, 37 мекенжайындағы бес қабатты үйде 70 пәтер бар. Олардың 35-і үш бөлмелі (74 шаршы метр) және 35-і екі бөлмелі (52 шаршы метр). Олардың барлығы таза әрленген, сантехникамен және электр плиталарымен жабдықталған. Сонымен қатар, жаңа қоныстанушылар пәтерлерді ғана емес, аулада спорт алаңын да алды.
Үш бөлмелі пәтер иегерлерінің бірі көпбалалы әке, жөндеу-құрылыс учаскесінің ұстасы Ержан Жупиянов болды.
«Біз өзіміздің жеке тұрғын үйімізді алғанымызға өте қуаныштымыз. Жұбайымыз екеуімізде төрт бала бар, енді олардың өз бөлмесі ғана емес, аулада жабдықталған спорт алаңында ойнауға мүмкіндігі бар. Біздің үйдің қала орталығында орналасқандығы да қуантады. Бұл өте ыңғайлы», – деп атап өтті Ержан Жағыппарұлы.