Шымкентте биыл дүниеге келген 9 сәбиге Елбасы есімі берілген
Ал Түркістан облысында 31 сәбидің туу туралы куәлігіне Нұрсұлтан есімі жазылған
Шымкентте биыл дүниеге келген 9 сәбиге Елбасы есімі берілген. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев есімді азамат та бар екен. Бұл туралы «Отырар» телеарнасы хабарлады.
Шымкенттік тұрғын Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. Ол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саясат сахнасында таныла бастаған тұсы. Осы жақсылықты ырымдаған ағасы Өзбекстанда туған жас сәбиге Нұрсұлтан есімін беріпті. Бүгінде отыздан асқан Назарбаев Шымкенттегі медицина ұйымын тізгіндеп отыр. Оның сөзінше, Елбасы есімін абыроймен арқалау оңай емес. Елбасы атына кір келтірмеу үшін ол Тұңғыш Президенттің кітаптарын жиі оқиды.
«Иә, Елбасыны үлгі тұтамын. Бірінші Тұңғыш Президентіміз болғандықтан, әрине, қиын-қыстау заманда барлық ауыртпалықты жеңіп, елімізді алға сүйрей алды. Жер аумағы 9-орында тұрған жас тәуелсіз мемлекетті басқару өте жауапты әрі қиын болғаны анық», - дейді қала тұрғыны Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Фамилиясы Назарбаев болмаса да, Нұрсұлтан есімді шымкенттік полиция қызметкерлерінің арасындағы ең лауазымдысы - қалалық Полиция департаменті жедел криминалистика басқармасының бастығы, полиция-майоры Нұрсұлтан Қансейтіов.
Оның бұл саладағы еңбек өтілі - 8 жыл. «Есімімнің Нұрсұлтан болғаны биік белестерді бағындыруыма септігін тигізді» деген ол өз есімінің жауапкершілікті сезіндіріп, адал қызмет етуге ықпал еткенін айтады.
«Мен мектеп бітіргеннен кейін Ресей Федерациясы ішкі істер министрлігі Волгоград академиясына оқуға түстім. Онда орыстар үшін басқа ұлттардың атын атау қиын болғандықтан, менің Нұрсұлтан деген есімімді бірден естігеннен, фамилиямды айтуға қиынсынып, Назарбаев деп айтатын. Сабақ айтуға шақырса да «Назарбаев, выходи» дейтін еді. Кейде сабаққа дайындалмай қалған кезде бәрі маған сыни көзбен қарап, «Нурсултан, мы тебя не зря Назарбаевым называем, почему не готовишься?» деп сын айтататын», - деп еске алады Шымкент қалалық ПД жедел криминалистика басқармасының бастығы Нұрсұлтан ҚАНСЕЙІТОВ.
Мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері Шымкентте 9 нәрестеге Нұрсұлтан есімі берілсе, Түркістан облысында 31 сәбидің туу туралы куәлігіне Нұрсұлтан деп жазылған. Бұл есім педагогтердің арасында да жиі кездеседі.
Түркістан облысында 60 мың ұстаздың ішінде 189 мұғалім Нұрсұлтан есімді болса, ал Шымкенттегі 375 білім беру мекемесінде Елбасымен аттас 195 ұстаз шәкірт тәрбиелеуде.
Нұрсұлтан есімді 24 азамат мемлекеттік қызметте жүрсе, облыстағы статистика 43 Нұрсұлтанның мемлекеттік қызметте жүргенін айтады. Сондай-ақ, Шымкент қалалық Полиция департаментінде Тұңғыш Президентпен аттас 47 полиция жұмыс істейді. Ал Түркістан облысында 40-қа жуық полицейдің есімі - Нұрсұлтан. Ал күнгей өңірдегі ақ халатты абзал жандардың 99-ы Тұңғыш Президентпен аттас екен.