Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар саны ресми статистикадан көп
Шетелдік ғалымның айтуынша, Қазақстанда кадр даярлау қажеттілігі жоғары
Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар ресми статистикадағы сандарға қарағанда бірнеше есе көп. Назарбаев университетінің ғалымдары бұл мәселемен айналысып, дәрігерлерге дұрыс диагноз қоюға және осындай балалардың дамуына көмектесу үшін ауқымды зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ғылыми жобаны Назарбаев университеті профессорының ассистенті Мишель Сомертон командамен бірге жүргізді. Оның айтуынша, Қазақстандағы ресми статистика аутизммен ауыратын балалардың нақты санын көрсетпейді. Себебі диагностикалық процесс негізінен субъективті және дәрігерлердің жеке бақылауларына сүйенеді.
Оқи отырыңыз: Аутизм синдромы: Қазақстанда не себепті аутист балалар көбейіп кетті?
Сомертон тәжірибелі дәрігерлер – психологтар, психиатрлар, логопедтер, педиатрлар және отбасылық дәрігерлер арасында сауалнама жүргізді. Содан кейін НУ ғалымы Қазақстанның төрт аймағында диагностикалық процеске тартылған 26 маманмен құпия сұхбат жүргізді.
«Аутистикалық сипаттамалар - тіл және әлеуметтік мінез-құлық өзгерісіне байланысты, сондықтан көптеген балаларға 6-7 жасқа дейін диагноз қойылмауы мүмкін. Кейде дәрігерлер ата – аналарды бала уақыт өте келе пайда болған проблемалардан «өседі» деп, қате пікірге сендіреді», - деп түсіндірді ғалым.
Оның айтуынша, зерттеулер жыл сайын аутизмнің табиғаты туралы неғұрлым нақты түсінік беруде, диагностикалық критерийлер де өзгеруде. Сондықтан аутизмді диагностикалауға тартылған қазақстандық мамандарды ең жаңа деректермен қамтамасыз ету өте маңызды.
«Қазақстанда кадрлар даярлау қажеттілігі жоғары, жаңа диагностикалық модельдер және бұзылудың пайда болуы мен этиологиясы туралы жаңартылған білім қажет. Оқыту тек субъективті шараларды қамтитын және пән бойынша маманның пікіріне қатты сенетін қолданыстағы хаттамалардан гөрі скрининг пен диагностиканың халықаралық танылған объективті шараларын қамтуы керек», - деп толықтырды доктор Сомертон.
Жуырда Қазақстандағы аутизм диагностикасын зерттеу авторлары Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен кездесіп, алынған деректер туралы айтып беруді жоспарлап отыр.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан