Биыл Қазақстандағы әрбір сегізінші азамат ерікті ретінде көпке көмек берген
Елімізде волонтерлік 70 ұйым тіркелген
Қазақстанда биылға дейін де еріктілер ұйымдары аз болмаған. Ал, көктемде коронавирустық пандемия басталғанда елдегі жастар жаппай волонтерлықпен айналыса бастады. Әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтырып, мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Оның үстіне, биыл Қазақстанда «Волонтер жылы» деп жарияланған. Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі ерікті жаспен сұхбаттасып, 2020 жылы есте қалған айтулы оқиғалардың есебін жүргізді. Сондай-ақ, қазақстандық волонтерлардың жиі бетпе-бет келетін проблемаларын сұрап білді.
НЕ СЕБЕПТІ ЕРІКТІЛЕР ЖЫЛЫ?
Былтыр мамыр айында өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында «Ұлттық волонтерлік желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдады, 26 тамызда Президент қаулыға қол қойды. Ол бойынша Үкіметке Волонтер жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Одан бөлек, елімізде 2016 жылы «Еріктілер қызметі туралы» Заң қабылданғанын да атап өту керек.
ЕРІКТІ ДЕГЕН КІМ?
Қазақ қоғамы үшін волонтер немесе ерікті деген атау жат емес. Ағайын-туыс, көрші-қолаңға асарлатып көмектесу халқымызда ертеректен келе жатқан дәстүр.
«Волонтерлік – жақсылық жасап, қол ұшын созу. Ол үшін бір жерге тіркелудің қажеті жоқ. Тіпті, автобуста орын босатып бергеніңіздің өзі ерікті болғаныңызды білдіреді. Волонтер адамның ұлтына, жасына, дініне немесе мамандығына байланысты емес. Кез келген адам волонтер бола алады», - дейді «Birgemiz» ұлттық волонтерлер желісінің ресми өкілі Нүрия Сәдуақасова.
22 жастағы Нүрия Сәдуақасованың мамандығы – дизайнер. Ол – ерікті. 16 жасынан бастап ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысқан. Елордадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда универсиетінің 5 курс студенті.
ӘРБІР 8-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕРІКТІЛЕР ҚАТАРЫНДА
Нүрия Сәдуақасованың айтуынша, Қазақстанда 30 мыңнан аса ерікті қызмет етіп жүр. Биыл Қазақстанда волонтерлік кеңсе «Асыл мұра» мен «Таза әлем» сияқты нәтижелі жобалардан бастап 7 басым бағыт бойынша жұмыс істеген. Республикалық фронт-офистен басқа, облыстарда 17 өңірлік орталық бар.
«Өңірлік орталықтардың ресми статистикасына сәйкес, 1 жыл ішінде республикалық орталықтар арқылы 140 мыңнан астам волонтер тартылды. Бірақ біз бейресми статистика туралы да айта аламыз, әрбір сегізінші қазақстандық қандай да бір түрде волонтерлік қызметке тартылған, тіпті егер ол осылай атамаса да, ең бастысы ол ерікті, өтеусіз және қоғамның игілігі үшін болуы тиіс», - деп қосты Нүрия.
Спикер сондай-ақ, пандемия және қатаң карантиндік шаралар кезеңінде еріктілер ұйымдары, оның ішінде республикалық кеңсе уақытылы және жедел көмек көрсету үшін өз қызметін қайта құрғанын атап өтті.
QAZVOLUNTEER.KZ БІРЫҢҒАЙ ПЛАТФОРМАСЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Бұл платформа Қазақстанның волонтерлері мен волонтерлік ұйымдарының қызметін үйлестіруге, волонтерлік жобаларға ақпараттық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған платформаға 800 ерікті мен 70 ұйым тіркеліп үлгерген.
«Qazvolunteer.kz бірыңғай платформасы бар. Бұл – пилоттық жоба. Неше түрлі акциялар өткізілді. Осы жобаның ішінде студенттер сайтта тіркеліп, өздеріне қызықты бағытты таңдайды. Балалар үйіне бара ма, қарттар үйіне ме – өз еркі. ЖОО студенттері екінші жыл биыл жұмыс істеп жатыр», - дейді Нүрия.
Олар тек көмектесіп қана қоймай, ата-аналарға интернет арқылы қалай ақша жинауды да үйретеді екен.
«Денсаулығы жоқ, емге мұқтаж балаларға көмек көрсетеміз. Концерттер, жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Жастар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы театр бізге қолдау көрсетеді. Жыл сайын қолымыздан келгенше көмек береміз. Баланы мүмкіндігінше аяққа тұрғызамыз. Қаражат жинау үшін мини футбол, футбол, т.б. шаралар ұйымдастырамыз. Тобымызда 50 шақты адам бар. Біз ата-аналарға қалай ақша жинауды, қалай инстаграм жүргізуге болатынын көрсетеміз. Содан кейін, қаражат халықтың ақшасы болғандықтан, оларға есеп беру керегін де түсіндіреміз», - деді Нүрия.
Биыл Үкімет тарапынан жас еріктілер тобын ынталандыру үшін елордадағы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қадағалауымен 300 мың теңгеден 172 грант бөлінді. Осы гранттар аясында волонтерлікті дамытудың жеті бағытына қажетті жобалар жүзеге асырылып жатыр.
400-ДЕН АСТАМ ЕРІКТІ АЗАМАТТАРҒА ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ ИГЕРУГЕ КӨМЕКТЕСУДЕ
Волонтерлердің арқасында көрсетілетін қызметті алушылар ЭЦҚ-ны онлайн-ресімдеудің, сондай-ақ оны ұзартудың, ХҚО-ға бару кезегін броньдаудың, «eGovKZbot 2.0» телеграмм-бот және «электрондық үкіметтің» мобильді қосымшасы сияқты сервистерді пайдалана отырып, анықтамалық-ақпараттық қызметтерді алудың жаңа дағдыларын игере алады.
«Біз 42 500 теңге – атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуға болатынын көп кісілерге көрсеттік. Тегін. ЭЦҚ алып, eGov порталы арқылы қалай құжат тапсыруға болатынын үйреттік. Ерікті болған соң, қолдан келгенше, тегін іс-шараларды жүзеге асырамыз», - деп түйіндеді сөзін Нүрия Сәдуақасова.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан