Павлодарда жылуға жарымаған тұрғындар шу шығарды
Жауапты орындар үйлердің салқындап кетуіне қондырғылардың істен шығуы себеп болғанын айтты
Павлодарда күн суытқалы баспанасы пана болмай кеткен көпқабатты үй тұрғындары шу шығарып, 10 жылға жуық уақыт жылуға жарымай отырғандарын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар бұл жылда қайталанатын көрініс екенін айтты.
«2010-да көшіп келгем осы үйге. Міне, 2010 жылдан бастап, міне 10 жыл болды үй салқын, суық. Ыстық су жоқ. Таңертең салқын болған жарайды енді. Обедте келем, кешкіде келем, кранды ашып қоямыз. 10-15 минут тұрады. Биыл отопленияны да ауыстырдым», - дейді тұрғындардың бірі.
Ал үйге жауапты меншік иелерінің бірлестігі мәселені жоққа шығармайды. Бірақ бұған біз кінәлі емеспіз деп ақталып отыр.
«Бұл жердегі басты проблема: жылу желілері мекемесі насосты уақытылы қоспайды. Содан жылу мөлшері көтерілмей тұр. Біз жылу орталығы жіберген жылуды қосып отырмыз. Сондықтан, бұл жерде біздің кінәміз жоқ. Қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Бар кінә жылу орталығында», - дейді Меншік иелері бірлестігінің өкілі Наталья Жукова.
Ал жылу орталығындағылар жылудың жеткіліксіз мөлшерде берілуіне «Қазақстан Алюминий» АҚ 1-жылу электр станциясында жылу құрылғысының қалпына келтірілмеуі себеп болғанын айтты.