«Жекешелендірсек, сатып жібереді»: Амандық Баталов мемлекеттік бағдарламаның үйлері туралы айтты
Облыс әкімі Нарынқолда жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандарды пайдалануға берді
Райымбек ауданында тағы 33 баспана қоланысқа берілді. Бұған дейін 20 үй салынғаны туралы айтылған. Алайда, ауданда дәрігер, мұғалім сынды мамандар да, олар түратын қызметтік үйлер де әлі жетіспейді. 40 мың халықтың денсаулығына жауапты аудандық ауруханада хирург, педиатор, көз дәрігері сынды мамандар аз, ал оларға қажетті аппараттар жоқ. Аяғы ауыр аналар тексерілу үшін амалсыз Алматыға келуге мәжбүр.
Мамандарға баспана кілтін табыстауға арнайы келген облыс әкімі қызметтік үйлердің санын көбейту арқылы проблеманы шешуге болатынын айтты. Ол сондай-ақ, ХҚКО, прокуратура, ҰҚК-ның жаңа ғимараттарының ашылу салтанатына қатысты.
Еске салайық, Райымбек ауданы осыдан 2,5 жыл бұрын ғана жаңадан құрылған болатын.
«Ұзақ жыл бойы осындағы тұрғындар жеке шығуды армандап жүрді. Өңірдің жағдайы төмендеп кеткен, перзентханада бірде-бір нәресте жоқ еді. Екі жыл бұрын Елбасы тарихи шешім қабылдады. Содан жеке аудан болып құрылды. Қазір міне 17,9 миллиард теңге бөлінді. Барлық жол асфальтталды, көшеге жарық тартылды. Жаңа ғимараттар салынып жатыр. Жұмыс істейтін адамдарға, осында көшіп келген мамандарға үйлер салып бердік. Олар баспана мәселесіне алаңдамай, жұмыс істеуі тиіс. Бұл өңірді дамытуға арналған жоспар өте көп. Мына үйлер болашақта жалға берілуі тиіс. Қазір жекешелендірсек, сатып жібереді», - деді Амандық Баталов.
Тек құрылыс жұмыстарына биыл 8 млрд теңге қарастырылған. Келер жылдың еншісінде тәулігіне 250 адамды қабылдай алатын, құны 2,8 миллиард теңге болатын аудандық аурухананы жаңалау жұмысы тұр. Жаңадан салынған ХҚКО-да полиция бөлімінің көші-қон қызметі, мұрағат, əлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры бөлімдері орналасқан. Бір сызба бойынша салынған баспаналардың көлемі 80, 90, 100 шаршы метр. Ауданда құрылыс жұмыстары уақытынан кешіктіріліп жатыр. Олардың қатарында 50 баспана мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені де бар. Жалпы алаңы 4 мың шаршы метрден асатын орталықта кейін балалар күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, гандбол сынды спорт түрлерімен айналыса алады.
«Бұрынғыдан гөрі жағдайымыз жақсы. Ауыл халқы істелген жұмыстарға риза. Алайда, жұмыссыздық әлі де бар. Құрылыс жұмыстары шабан жүріп жатыр, жұмысшылар жоқ. Былтыр үй салғанда Өзбекстаннан келген құрылысшылар жылдам бітіріп тастап еді. Биыл олар жоқ, жұмыс баяулап қалды. Ал ауруханада дәрігерлер жетіспейді», - дейді нарынқолдық Әлімхан Аязбайұлы.
Ауданның орталық көшелері асфальтталып, көшелерге жарық жүргізілгенімен, ауыз су мәселесі толық шешімін таппаған. Аудандағы 8 ауылдың тұрғындары суды әлі тасып ішіп отыр. Облыс әкімінің айтуынша, келесі жылдан бастап ауылға газ құбыры тартылады. Жалпы, бұл аудан бюджетке кіріс кіргізбек түгілі, өзін асырауға жететін қаржыны табуға шамасы келмейді. Мәселен, былтырдың 11 айында бюджетке 598 млн 770 мың, биыл 640 млн 640 мың теңге салық түскен. Ал ауданның жылдық шығыны 12 миллиард теңгеден асады.
«20 ауылдың 12-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауылдағы жұмыссыздардың саны 600 адам болса, олардың 428-ін жұмыспен қамтамасыз еттік. Мемлекеттік мекемелерден басқа үш мектеп, екі балабақша, үш ауылдың су жүйесі, алты ауылдың көшелері күрделі жөндеуден өтті. Аудан ашылғалы екі мыңдай адам қайтып келсе, олардың 98 пайызы – жастар. Олар тастап кеткен үйлерін ашып, жөндеп жатыр. Жұмыс бастаймын, үй саламын деген адамдар болса жер телімдерін береміз. Бюджеттік төлемдерге былтыр – 10, биыл 12,8 миллиард теңге бөлінген», - деді Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов.
Ауданда 36 мың гектар суармалы жер болса, қазіргі кезде оның тек 16 мың гектары ғана қолданыста. Картоппен аты шыққан ауданда суармалы жердің көп болғанына қарамастан, бірде-бір су қоймасы жоқ. Облыс әкімінің сөзінше, ауданда мал бордақылаудан бөлек, экспортқа ет шығаратын зауыт салынады.
«Жобалық құжаттар дайындалған, оны біз жоғары жақта қорғадық. Су қоймасы салынады. Суару жүйелерін ретке келтіреміз. Ірі инвесторлар осы өңірде мал шаруашылығы бойынша кәсібін дамытуға ниет білдіруде. Келесі жылы Кеген, Нарынқол өңіріне газ жеткізу жұмыстарын бастаймыз. Бұл өңір табиғаты тұнып тұрған, туризмді дамытуға қолайлы өңір. Осы бағыттың барлығын басымдыққа алып, ауданды өркендетуге жұмыс істейміз. Облыста бір миллион гектардай жер болса, оның 480 мың гектары – суармалы жер. Су қоймаларын жаңалау үшін жыл сайын бюджеттен 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қарастырып келеміз. Райымбек ауданында да су қоймасы салынады», - деді А. Баталов.
Ауданда халық саны 40 мыңға жуықтаған. Аудан орталығында 8 мыңнан астам адам тұрады. Мұнда көпбалалы аналар мен мүгедек балаларға жағдай жасалмаған. Ауданнан облыс орталығына немесе Алматыға тұрақты қатынайтын қоғамдық көлік жоқ.
«Нарынқол ауылында 4 494 ана бар. Олардың 498-ы зейнеткер. 272 мүгедек бала бар. Жағдайы нашар отбасылар көп. Оларға шамамыз келгенше көмектесеміз. Мүгедек балалар көп, оларға қарайтын, сауықтырумен айналысатын арнайы орталықтар, балабақшалар жоқ. Дәрігерлер келгенімен, жағдайы, баспанасы болмаған соң кері қайтып кетеді. Медицина бойынша көптеген маман жетіспейді. Бір жерің сырқаттанып барсаң немесе УЗИ-ге түсейін десең, Алматыға жібереді. Әсіресе аяғы ауыр әйелдерге қиын. Балаларымыздың терең білім алуына, сапалы оқуына мүмкіндік жасалса, арнайы орталақтар ашылса», - дейді Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ажар Өмірәлиева.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы