Діни сауатсыздық соңы экстремистік ұстанымға алып келуі әбден мүмкін – дінтанушы
Адамдар дін жолын ұстанбаса діни ағымдарды ажырата білуі қажет дейді ол
Өкінішке қарай, соңғы жылдары ислам сөзімен экстремизм, терроризм сөздері де қатар жүретін болды. Дін атын жамылған топтар әлемнің түкпір-түкпірінде лаңкестік әрекеттер жасап, жүздеген, мыңдаған адамның өмірін қиюда. Осылайша ислам атына қара күйе жағылып, жұрт шатаса бастады. Ал, діни сауаты жоқ адамдар осы радикалды ағымдардың қатарын толықтыруда.
Діни экстремистерден зардап шеккен елдердің қатарында Қазақстан да бар. Елімізде тәуелсіздік жылдарында ондаған теракт болды. Теріс ағымдарды насихаттап жүрген жастар жыл сайын ұсталып, көбі сотталып та кетіп жатыр.
Дінтанушы маман Мақсат Салиходжаевтың (Түркістан облысы) айтуынша, халық арасындағы діни сауатсыздық көп жағдайда экстремистік ұстанымға ұласып жатады екен. Құдайды іздеген адамдар радикалдарға жолығып, кеудесіндегі бос кеңістікті, рухани аштықты өкінішке қарай дестріктивті ағым өкілдері берген «іліммен» толықтырады.
«Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болуда. Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішіті салдары орын алады. Осы орайда экстремизмнің пайда болуы мен оның қоғамда таралуына тоқталып өтсек...
Негізгі жалпы көріністе, экстремизм қоғамдағы өмір сүріп тұрған ережелер мен нормаларды радикалды түрде теріске шығаратын өрескел әрекеттер мен көзқарастар жолын ұстаушылар болып сипатталады. Қоғамның саяси саласында көрініс табатын экстремизм, саяси экстремизм деп аталады, діни салада орын алған экстремизм діни экстремизм деген атауға ие болған. Экстремизмнің пайда болуы надандыққа, көрсоқырлыққа бейімделген көзқарастардан туындайды, яғни, олардың ойы «тек қана менің пікірім дұрыс, өзгенікі бұрыс» дегенге саяды. Бұл оның ең алғашқы кезеңдері болып саналады. Сондай-ақ тағы бір көрінісі - өзгелерді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмеу. Олар өздерін өте таза, кіршіксіз санап, басқаны адасушыларға жатқызады. Тура жол көрсеткендерді мойындамайды. Міне, осы себептерден, түрлі төңкерістер мен қантөгістер орын алуы ықтимал. Экстремизм мүшелері көздеген мақсаттарына жету үшін ешнәрседен қаймықпайды. Тіпті, өздерін құрбан етуге әзір. Қаншама қандас бауырларымыз діни сауатсыздықтың, рухани дүниенің таяздығы салдарынан осы теріс ағымдардың қол-шоқпары болып, солардың жыртысын жыртып, сойылын соғып, діни экстремизмнің құрбаны болып жүр. Кез-келген діни конфессияда (тек исламда ғана емес), әлеуметтік қалыптар мен нормаларды жек көретін, сол діни бағытқа сәйкес келу мен оны түсінудің шеңберіне сыймайтын, осындай немесе басқаша формалар потенциалды түрде орнықтырылған. Жеке діни ұйымдар мен қозғалыстар үшін бұл өздігінен діни экстремизмге ауысады», - дейді дінтанушы.
Экстремизмнің бүгінгі таңда кең тараған түрі – терроризм. Террорлық әрекеттің басты мақсаты қоғамда үрей, қорқыныш, әбігер туғызу, елдің тыныштығын бұзу, өзіне көпшіліктің назарын аудару арқылы өздерін үлкен саяси күш ретінде таныту.
«Терроризмнің ұлттық сипаты жоқ, бұл қылмыспен кез-келген ұлттың өкілі айналыса алады. Оған себеп, сылтау, қолайлы сәт керек, тиісті бопсалау, ынталандыру, иландыру, психологиялық амалдардың сүзгісінен өтулері керек. Сонда ұлтына, жынысына, жасына, дініне, тіліне қарамастан, ланкестер қатарынан келіп бір-ақ шығады. Ешкім террорист болып тумайды, ол тұқым қуаламайды. Оны жағдай, әлеуметтік-экономикалық, моральдық, руханияттық орта мәжбүрлейді, өзінің өмірдегі өкінішін, кеткен кегін, төл тағдырына мойынсынбауын тероррлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Саяси экстремизмді өзін құтқарудың, құдайдың құлы ретіндегі міндетін адал өтеудің бір амалы деп қабылдайды. Әдетте, бұған ерік-жігері осал, үгіт-уағызға тез берілетін, өмірде белгілі бір мақсаты жоқ, рухани дүниесі кедей жандар бейім келеді. Ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың еркін қолжетімділігі де маңызды себептердің бірі болып табылады. Мұндай сайттарды екіге бөліп қарастыруға болады. Мысалы, кейбір сайттар мұсылмандардың қысымға ұшырауы, әсіресе АҚШ, Еуропа, Израильдегі мұсылмандар туралы ақпараттар, қанға бөккен адамдардың суреттерін, бейне-материалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуге ұмтылады. Сондай-ақ, сайттағы түрлі шейхтардың уағыздары бейне-жазба түрінде таратылады. Уағыздарда зайырлы биліктің исламға жат екендігі, мұндай мемлекет басқарушылары, дін қызметкерлері «діннен шыққандар» деген пікір мейлінше дәлелді айтылып, оларға бағынбауға шақырылады. Мұндай ақпараттар сауаты төмен, өзін мұсылман санайтын адам санасында қысымдағы мұсылмандарды құтқару мен халифат сипатындағы мемлекет құруға қатысу, қажет болса, құрбан болу туралы ой туындатады. Өз ойын сайтта берілетін жихадқа шығу, шахид болу туралы хадистер мен аяттар арқылы нығайтып, өзгермес ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналдырады», - дейді дін маманы.
Теріс дін ағымдары қарапайым адамдарды өз қатарына қалай тез тартып алады? Осы сұраққа жауап іздеп көрсек...
Біріншіден, жаңадан қабылданған «шәкірт» теріс ағым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Бізден басқа мұсылманның барлығы «адасқан, кәпір» деген сияқты әпсананы құлағына құяды.
Екіншіден, дәстүрден тыс діни ағымдар мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлектене бастайды.
Үшіншіден, қауіпті ағымдар мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелерді қолданады. Мәселен, бір сарынды ұстаздардың уағызын тыңдатып, психологиялық тәуелділікке ұрындырады.
«Шындығында мұсылман қандай болу керек? Әрине, нағыз мұсылман адам, біріншіден, әрбір іс-амалында Алладан қорқып, Алла Тағала көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Екіншіден, кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Үшіншіден, айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін»,-деген. Ал, «Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер», - деп келтіреді бір хадисінде.
Қазіргі таңда ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шетелден діни білім алған жастарымыздың қаншамасының санасы уланып, келер ұрпақтың қазақ емес, тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай. Сол себепті, мұндай мәселені шешу ұлттың келбетін сақтаудың кепілі болмақ. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығын тарих көрсетіп берді. Аталмыш, мәселенің алдын алу кезек күттірмейтін шара. Бұл бағытта, заңдар қайта қаралып, толықтырылды, арнаулы орталықтар құрылды. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ», - дейді Мақсат Салиходжаев.
Қорытындылай келсек, қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.
«Ынтымақ болмай, тірлік болмас» дегендей айтылған мәселелердің алдын алу үшін жұдырықтай жұмылып, ілім мен білімді жеткізіп, жастардың көкірек көзін ашу керек. Ал бұл жағдайда тек дін мамандары ғана емес еліміздің әрбір азаматы үлес қосуға міндетті.