Зираттағы жер қанша тұрады? Ақтөбеде қайтыс болған адамды жерлеу құны қымбаттаған
Жекенің қолына өтіп, күтімсіз, қарауылсыз қалған зираттар қаңғыбастардың мекеніне айналған
Ақтөбеде қорымдар қараусыз жатыр. Тазалығын реттеп, күзетін күшейтуі тиіс жеке компания бас пайдасын ойлап кетті деп ашынады тұрғындар. КТК телеарнасының хабарлауынша, сенімгерлік басқаруға өткелі бері көр қазып, бейіт салу құны шарықтап кеткен.
Қазір бір адамды жерлеу үшін 80 мыңнан 120 мың теңгеге дейін ақы сұрайды. Енді қорымға қатысты уәдесінен айнып, бизнесін күйіттеп кеткен компанияның қызметін әкімдіктегілер тексереміз деп отыр.
Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбе қаласы бойынша елуге жуық қорым жекенің қолына өткен еді. Сенімгерлік басқаруға алған компания зираттарды қоршап, тазалығын сақтауға міндетті болатын. Бірақ тұрғындар олардың қызметіне көңілдері толмай отыр.
Қоршауы сынып, құлпытасы бүлінген қорымдар көбейген. Қарауылы болмаған соң, зират қаңғыбастар мекеніне айналыпты. Бұрын коммуналшылар тазалап, қазынадан ақша да бөлініп келген еді. Кейін бюджет қаржысын үнемдеу үшін зираттар жеке компанияларға өткен. Бірақ кәсіпкер бас пайдасын күйттеп кетті деп ашынады тұрғындар.
«Бәрін талқан қылған. Жеке алса, «ең бірінші, мына адамдарға қамқорлық жасайын, халыққа жақсылық жасайын» деп тұрғаны жоқ. Тек қана ақшаға қызығып тұр. Моланы бизнес қылмау керек. Ол қасиетті жер емес пе? Бұл жерге ертең бәріміз де келеміз емес пе?», - деп ашынады Ақтөбе қаласының тұрғыны Жолдыбай Ізбағанбет.
Қорымдар жекенің қолына өткелі бері жерлеу қызметінің құны өсіпті. Көр қазудың өзі мұсылмандар зиратында 120 мың теңгеден басталады. Ал христиандар үшін ең арзаны сексен мың. Ол бағаны бақылап жатқан билік жоқ.
«Жұрттың тап осылай әлсіз тұстарда пайда көруі біздің наразылығымызды туғызады. Біз өзіміз көріп отырған соң, дау-дабыра қылмай, үнсіз жүрген жағдайымыз бар. Еш жерде баға реттелмеген. Жерді біреу 120 мың теңгеге алып отыр, енді бірі сексен мың теңгеге алып отыр», - дейді Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Абай Сақтағанов.
Қорымды сенімгерлік бақылауға алған «Біріңғай жерлеу қызметі» компаниясының жұмысын шенеуніктер енді тексереміз деп отыр.
«Кейбір бұзылып қалған зираттарды қарау керек. Қазіргі күні зираттар тиісті түрде қаралып жатыр ма, күтімі дұрыс па, соны тексеру керек. Егер де келісімшартта қойылған талаптар орындалмай, олардың үстінен шағым түсіп жатса, істі комиссия қарайды және ол кісілермен келісімшартты бұзу жөнінде мәселе қарастырылатын болады», - деді Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Мирас Әжібаев.
Әкімдіктегілер комиссияның тексеруге нақты қай күні шығатынын айтпай отыр. Дегенмен, қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы елу қорымды түгел қарап шығуға дрон қондырғысын сұрапты. Ол қондырғы бейіттердің үстінен ұшырып, молаларды жеке-жеке бақылауға көмек болады дейді.