Ханкөлдегі елес: жергілікті тұрғындар әруақ туралы сыбыстың қайдан шыққанын білмейді (ВИДЕО)
Жуырда бұл мәселеге облыс әкімінің өзі араласқан болатын
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданына қарасты Ханкөл ауылын елес кезіп жүр деген әңгіменің шыққанына бірнеше күн болды. Тіпті, ақ киімді қыз бейнеленген видеоролик әлеуметтік желілер арқылы тез тарап, жергілікті жұрттың үрейін ұшырған. «Уральская неделя» басылымының журналистері аталған ауылға барып, бұл әңгіменің қайдан шыққанын білмек болды.
Ханкөл ауылы Орал қаласынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан, Жусандыой ауылдық округіне қарайды. Округ әкімі Ербол Бақытжанов журналистерге сұхбат беріп, ауылда ешқандай елестің жоғын айтты. Оның өзі де мұндай сыбыстарға сенбейді екен.
«Біздің ауылдық округ – үлкен. Ханкөл соның құрамында. Ауылда 494 адам тұрады. Ал сыбысты кімнің таратқанын білмейміз. Ауылға КамАЗ көлігі келгені, оның жүргізушісінің елес көрдім деген әңгімесі бар. Бірақ жол бойындағы ақ шашты қыз туралы әңгіменің қайдан шыққаны белгісіз, бұл – жалған. Мұндай елесті көрдік деген бірде-бір жан жоқ ауылда. Ауылға қатысы жоқ адамдар әлеуметтік желілер арқылы таратып жіберген. Өз басым, мұндайға сенбеймін. Құран оқытып, садақа бергеніміз рас. Бірақ оның бұл жағдайға қатысы жоқ, жыл сайын ас береміз. Бұл – біздің дәстүріміз. Биыл ақсақалдармен ақылдаса отырып, асты аз адамның қатысуымен өткіздік», - дейді ауылдық округтің әкімі.
Оның айтуынша, елді шулатқан видео Ханкөлде түсірілмеген.
«Видео да, фото да біздің өңірде түсірілмеген. Өйткені видеодан жолға асфальт төселгенін, оған жолақ сызылғанын көруге болады. Ал біздің ауылда мұндай жол жоқ, асфальт та жоқ», - дейді әкім.
Журналистер ауыл тұрғындарын да әңгімеге тартқан. Елес көрдім деген біреуі жоқ.