Жамбыл облысында тұрғындар ауылдастарына асарлатып үй салып берді
4 бөлмелі үй Аққұм ауылындағы мешіттің имамына берілді

Жамбыл облысында ауыл тұрғындары әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасына баспана салып берді. Құны 3 миллион теңгелік 4 бөлмелі, 90 шаршы метрлік үйдің бірі Аққұм ауылындағы мешіттің имамына берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғын үйлердің кілтін облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы табыс етті.
«Жақсылықты бөліссең, көбейеді. Сынаққа толы өмірде біздің ғұмырымыз осындай жақсы істерден тұруы тиіс. Осындай қайырымды істердің ұйытқысы боп жүрген ауыл тұрғындарына Алла разы болсын! Баспанаға мұқтаж азаматтардың ісіне Алла жеңілдік берсін. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, ақжолтай жаңалыққа толды. Ендеше бәрі сәтімен болғай. Біздің имамдар, қайырымды жандар осындай қысылтаяң уақытта да тоқтамай, үлгі істерін жалғастыруда. Өнегелі іс жалғасын тапсын»,- деді Бас мүфти.
Тұрғын үйлер ауыл адамдарының ұйытқы болуымен салынған. Мешіттің имамына берілген баспанада ауыл балалары исламның қыр-сырын үйренеді. Қайырымдылық шарасынан кейін жиынға қатысушылар жаңа үйдің ауласына жеміс ағаштарын екті. Бас муфти ауылдың ауруханасына өкпені жасанды желдету аппаратын табыстап, 10 отбасыға азық-түлік таратты. Көлемі 110 шаршы метрлік, ауласы қоршалған тағы бір баспана Қанат Тәкеевке тарту етілді. Төрт баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкенің жұбайы бірнеше жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. «Келісті атаның жолы кейінгіге үлгі» демекші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» – ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс», деп атады ауыл ақсақалары. Құрылыс жұмыстарына 4 миллион теңге қаражат кеткен. Оны да ауыл адамдары мен кәсіпкерлер шығарған.
«Бүгін осындай үлкен үй салып беруге атсалысқан аудан, ауылымыздың басшыларына, имамға, ақсақалдар мен жастарға, кәсіпкерлерге, барлық ауылдастарыма алғысым шексіз. Ынтымақ-бірлігіміз ажырамасын. Қиын-қыстау кезде осындай қолдау көрсеткен баршаңызға Алланың нұры жаусын», - деді қуанышын жасыра алмаған жаңа қоныс иесі Қанат Тәкеев.
Демеушілердің көмегімен жаңа қоныс иелеріне жиһаз бен тұрмыстық техника тарту етілді. Айта кету керек, бұған дейін Талас ауданында асарлатып салынған үйлердің алғашқысы Майтөбе ауылында берілген еді. Қазіргі таңда аймақтағы еріктілер жұмылған игілікті іс жалғасын тауып, жоба аясында Талас ауданындағы 9 ауылдық округте тұрғын үйлер салынып жатыр. Асарлатып салынған үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасыларға беріледі.