Бойжеткенді құтқарамын деп суға кеткен Шалқар Ақымғалиевтің анасына құрмет көрсетілді
Шалқар Ақымғалиевтің анасы «Қазіргі заман қаһарманы» атты республикалық акцияның құрметті қонақтарының бірі болды
Атырауда өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді құтқарып, өзі суға кеткен полицей Шалқар Ақымғалиевтің анасы «Бүгінгі заман қаһарманы» акциясына қатысты. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 14 қаһарман полиция қызметкері шақырылған. Бәрі де сын сағатта өмірін бәйгеге тігіп, ерлік көрсеткендер, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Шалқар Ақымғалиевтің анасы да «Қазіргі заман қаһарманы» атты республикалық акцияның құрметті қонақтарының бірі болды. Жеті бала тәрбиелеп өсірген батыр ана «Полиция қызметкерлері отбасына аман оралсын» деп тілек білдірді.
«Балам әскерге барып келгеннен кейін полиция қызметкері болуды армандап, осы саланы өзі таңдады. Тек өзінің жоқтығы болмаса, баламнің ісі - ұмытылмас ерлік. Бүгін тірі болғанда осындай шараның бәрінде өзі жүрер еді. Әкесінің қазасынан кейін алты айдан кейін баламды жерледім.
Шалқарым «Әкемнің жылы өткеннен кейін келін әкелемін» деп жүрген еді. Сол күні бірге шай ішіп, қасыма көйлегін қойып кеткен. Оны соңғы рет шығарып салғанымды қайдан білейін. Мен оның әріптестеріне амандық тілеймін. Қазіргі заманның қаһармандары көп болып, полицейлер отбасына аман оралсын», - дейді Шалқардың анасы Ләззат Мұханова.
Ал шараға арнайы келген Ақтөбе облысының әкімі антына берік полиция қызметкерлерінің алдында басын иді.
«Ерлік еш уақытта ұмытылмайды. Бүгінгі акцияның мақсаты ерлік пен батырлықты насихаттау. Өскелең жас ұрпақтың ойына отансүйгіштік сезім мен патриоттық рухты беру. Шынайы қатынастың арқасында ғана халықпен арада сенім көпірі орнайды. Бейбіт күн батырларының ерліктерін насихаттаған бұл шара жасөспірімге ой салады деген сенімдемін. Ертеңгі күнге үмітпен қарап, алға қойған армандарға нық сеніммен қадам басудан артық қандай бақыт бар.
Даму – тұрақтылық пен тыныштық кезінде ғана болады. Қоғамдағы үйлесімділіктің маңызы зор. Мәртебелі де, қастерлі іс жасап жүрген полицияның қызметі қауіп пен қатерге толы екені жасырын емес. Қоғамның тыныштығы жолында өздерін құрбан еткен батырларымыз да аз емес. Олар елдің алдында абыройлы іс жасады. Сын сағатта ерлік көрсетіп жүрген батырлар алдында басымды иемін», - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.
Патриоттық шараға саланың ардагерлері мектеп оқушылары шақырылған.
«Еліміздегі бүгінгі заман қаһармандары Ақтөбеге жиналып жатыр. Олардың ісі жас ұрпаққа үлгі. Шара Қазақстан полициясының имиджін арттыруға, қызметкерлеріміздің батырлығын настхаттауға, өскелең ұрпаққа отаншылдық рух пен Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіруге бағытталған», – деді полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.