Елімізде жылыту маусымы басталғалы 47 адам қаза тапқан
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері мен тәртіп сақшылары жер үйлерді аралап, тексеріс жүргізді
Жылыту маусымы басталғалы бері Қазақстанда 1700-ден астам өрт болып, салдарынан 47 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Тағы 57 азамат әр түрлі жарақат алды. Мұндай сұмдық статистиканы бүгін Төтенше жағдайлар комитеті таратты. Көбіне қайғылы оқиға тұрғындардың салғырттығынан болатын көрінеді. Дәлірек айтқанда, пешті жағу барысында қарапайым өрт қауіпсіздігін сақтамайтындар баршылық дейді мамандар.
Тілсіз жаумен күресу үшін бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері, тәртіп сақшылары, «Ұлттық ұлан» сарбаздары мен еріктілер рейд ұйымдастырып, жер үйлерді аралады. Олар электр жылытқыштарын, пештер мен түтіндіктерді тексеріп, өрттің алдын алу үшін қажетті кеңес-ұсыныстарын айтты. Бұл - жыл сайын өтетін жоспарлы шара.
«Үйіне кіргізбейтін адамдар болады. Иттерін жібереді, есіктерін ашпайды, балағаттайтын адамдар да бар. Олар «Үйлеріңізге біздің мамандарымызды қорықпай кіргізіңіздер, ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретіп, насихаттап, түсіндіріп жүр» дейміз. Үй есігін ашпағандарға ұйғарымдама толтырылып, айыппұл салынбайды. Біз тек үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының орынбасары Марғұлан Аманбаев.