«Туған жер»: астаналық оқушылар оңтүстік өңірдің киелі жерлерін аралап қайтты (ФОТО)
Олар тарихи нысандармен танысып, рухани азық алды
Нұр-Сұлтаннан Түркістанға! Елордалық 50 оқушы оңтүстік өңірдің киелі жерлерін аралап қайтты. Өлкетанулық зерттеу экспедициясын қалалық Білім басқармасы, сондай-ақ, «Астана» балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырған.
Экскурсияға астанадағы №29, 63, 73 және 85-мектептің оқушылары барды. Олар Қазақстанның киелі жерлер картасына енген нысандарда болып, тарихты көзбен көргендей әсер алды.
Сапардың бірінші күнін оқушылар Шымкенттегі Бәйдібек би монументімен танысудан бастады. Аталған ескерткіш Қазақстандағы ең үлкен монументтер болып есептеледі. Оны орнату үшін Шымкент қаласының солтүстік бөлігіндегі ең биік нүктелерінің бірі таңдалып алынған. Бұл белгіге арнайы жасалған төрт метрлік төстабан мен 9 метрлік іргетас қосылған. Мүсіннің өзінің биіктігі 10 метрді құрайды. Төстабанның, іргетас пен ескерткіштің өзінің биіктігін қоса есептегенде монументтің биіктігі 23 метрге көтеріледі. Жалпы салмағы – 9 тонна.
Оқушылар сондай-ақ, Шымкенттегі дендробақ пен зообақта болып, одан әрі өлкетану музейінде қаланың тарихымен танысты.
Астаналық жас саяхатшылар аялдаған келесі нүкте Қазығұрттағы «Кеме қалған» монументі болды.
Монумент халық аузындағы аңыз желісін негізге ала отырып, жер бетіне тіршілік нәрін сепкен Нұһ пайғамбар кемесін бейнелеуге талпынған. Авторлардың көшпелі халықтың дүниетанымымен санаса отырып жұмыс істегені айқын көрінеді, төрт түлік тегінің өрбуі (Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек ата) туралы аңыздар лебі айқын сезілетін кеме бейнесі ұлттық ою-өрнектермен безендірілуі тамаша үйлескен.
Мемориалдық кешеннің құрылыс аумағы 1800 шаршы метр, 4 арнайы құрылған демалыс алаңшаларының жалпы құрылыс аумағы 214 шаршы метр, биікке қарай өрлейтін ұзындығы 1 шақырымға жуық баспалдақтың құрылыс аумағы 553 шаршы метр, монументтің жалпы биіктігі 27 метр.
Сапардың екінші күнін оқушылар көне Отырар қалашығының аумағын аралаудан бастады. Аспанасты музейге айналған нысан сонау Шыңғыс хан дәуірінен сыр шертеді.
Мұнан кейін экспедиция Арыстан баб кесенесі мен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жалғасты. Оқушылар тарих пәнінде алған білімдерін танымдық саяхат барысында ұштастыра білді.
Сапардың үшінші күні де киелі орындарды аралаумен жалғасты. Атап айтқанда, оқушылар Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт әулие үңгірі, Домалақ ана кесенесінде болып, аңыз-әпсаналар тыңдап, рухани азық алды.